Қызылорда тұрғыны Алматыда есірткімен ұсталды

Қызылорда тұрғыны Алматыда есірткімен ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Синтетикалық затты көтерме бағамен алып, бөлшектеп сатқан жігіт ұсталды

Алматы полициясы қызылордалықтан синтетикалық есірткінің аса ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің жедел қызметкерлері арнайы іс-шараны Алматының Наурызбай ауданында жүргізді.

«Қызылорда облысының 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол, анықталғандай, бетбелгілер арқылы синтетикалық есірткі сатумен айналысқан. Оның тұрғылықты жерінде полиэтилен пакеттерге оралған шөп, сондай-ақ күдіктінің орағанда және есірткіні таратқанда пайдаланған құралы табылып, тәркіленді. Ұсталған азаматтың айтуынша, ол синтетикалық заттарды интернет арқылы көтерме саудамен сатып алып, Алматы қаласы мен Алматы облысында бөлшек саудада өткізген. Күдікті есірткі заттарын сатқаны үшін электронды аударымдар арқылы сыйақы алған. Бір тапсырыстың сомасы 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін болды. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысы бойынша, есірткі – “PVP”, оның салмағы 130 граммды құрады», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Аса ірі көлемде есірткіні сату мақсатында заңсыз сақтау, тасымалдау) бойынша айып тағылды.