Қырғызстанда сарапшылар тексеруінен кейін QazVac қолданыла бастайды

Қырғызстанда сарапшылар тексеруінен кейін QazVac қолданыла бастайды
yujanka.kz

Қырғызстанда екпе салдыруға тиіс азаматтардың 25 проценті вакциналанды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz «Хабар 24» сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау өкілдерінің мәлімдеуінше, препараттар туралы теріс әрі тексерілмеген ақпарат таратылмаса, екпе салдырғандардың саны одан да жоғары болар еді. Ал осы кезде қырғыз дәрігерлері QazVac вакцинасын қолдануға дайын. Олар сарапшылардың тәуелсіз комитетінің нұсқауларын күтіп отыр.

Елде жаппай вакциналау басталғалы бері 586 мың адам екпе салдырды. Бұл вакцина алуы міндетті халықтың төрттен бір бөлігі. Әсіресе, оңтүстік өңірдің тұрғындары белсенді. Медицина қызметкерлері мен билікке жұрттың сенімі көп болса, вакциналау қарқыны үдейе түсер еді, - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.

Қазақстанда шығарылған вакцинаның 25 мың данасы қайырымдылық көмек ретінде шілде айының басында жеткізілді. Оның жарамдық мерзімі – 6 ай. Денсаулық сақтау министрлігінің өзі оны тезірек қолдануға мүдделі. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 70 процентін вакциналау керек.