Қырымбек Көшербаев еліміздің бір топ шығармашыл жастарымен жүздесті

Қырымбек Көшербаев  еліміздің бір топ шығармашыл жастарымен жүздесті
Сурет: Gov.kz

Мемлекеттік хатшы қаракөздермен дидарласты

Бүгін Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын қорытындылау аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Е. Көшербаев  Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл Жабаевтың әдеби мемориалды музейінде еліміздің бір топ шығармашыл жастарымен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжанов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А.Р. Райымқұлова, сондай-ақ көршілес Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы С.С. Касмамбетов, Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі А.К. Жаманкулов қатысқан алқалы жиында ақын Жандарбек Бұлғақов пен Мирас Асан, Құрманғазы оркестрінің дирижері Абылай Төлепберген, халықаралық байқаулардың жүлдегері Рухия Байдүкенова, өнертанушы ғалым, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ТМД елдері арасында «Үздік жас ғалым» төсбелгісінің иегері Әйгерім Еспенова,  Солтүстік Қазақстан облысы Ғ. Мүсірепов ауданы Володар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Николай Вербовский, «Made in kz»тобының жетекшісі Бауыржан Итекеев, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің экскурсоводы Әміржан Сәдуақас т.б. секілді жас дарын иелері болды.

Кездесуге қатысушылар елімізде жастарға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жұмыстарына ризашылығын білдіре келе, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты.

Соның ішінде креативті индустрия аясында жас суретшілерге қолдау көрсету, отандық және шетелдік артистердің шығармашылығына қолдау көрсеткен "Азия дауысы" халықаралық байқауының жұмысын жандандыру, еліміздегі орта білім беру ұйымдарының бастауыш сынып бағдарламасына қазақтың күй өнерін, аңыз әңгімелерін тыңдауды енгізу ұсынылды.

Сонымен қатар кездесуде жыр алыбы Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай ағымдағы жылы тұңғыш рет басып шығарылған «Жамбыл әлемі» атты 30 томдық кітаптың тұсауы кесілді.

Іс-шара барысында шығармашыл жастарға жыр алыбы Жамбылдың 30 томдығы мен қазақтың домбыра аспабы сыйға тартылды.