Қымыз тойы

Қымыз тойы
almaty-akshamy.kz

Алматы төріндегі «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел жайлауға шыққанда, жазғытұрым аталып өтетін қымыз тойы – «Қымызмұрындық» этнофестивалі өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға театрдың тұрақты көрермендері мен зейнеткерлер қатысып, қымыз түрлерімен танысты. Сондай-ақ, халқымыздың жыл маусымына қарай атаған уыз қымыз (мамыр қымызы), жазғы қымыз, күзгі қымыз (сірге қияр), қысқы қымыз (қысырақ қымызы) түрлерін тамашалады. Көрмеге қымыздан жасалған косметикалық бұйымдардың түр-түрі қойылып, қалың көпшіліктің назарын аударды.

«Қымызмұрындық – қазақ халқының тарихынан ойып тұрып орын алып келе жатқан ата дәстүрі. Осы бір керемет мерекені жаңғыртып, көркін кіргізіп жатқанымызға қуаныштымын. Бізде қымыздың әртүрлі түрлері бар, соның бәрін елге таныстырып,  кең ауқымда өткізсек деген ой бар», ‒ деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бас режиссері Жұлдызбек Жұманбай.

Қымызмұрындық - баяғыдан келе жатқан дәстүрлеріміздің бірі. Яғни құлын байлап, бие сауылған соң алғашқы қымыз ішу рәсіміне ауыл ақсақалдары мен көршілер шақырылған.

«Әрбір мемлекеттің өзінің төлқұжаты бар. Мысалы, Бразилияның наурызда өтетін Rio фестивалі бар. Германияның сыра фестивалі бар. Ал біздің қазақтың өзінің төлқұжатына айналған, бүкіл әлем мойындаған қымыз сусынын осындай деңгейге көтере алатын болсақ, шынымен рухани жаңғырғанымыз болады», ‒ деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов.