Қазақтың баласы сарысудан дәрі жасады

Қазақтың баласы сарысудан дәрі жасады
Сурет: Тurkystan.kz

Әбдібек Қалибек Жапониядағы заманауи қондырғылармен жабдықталған орталық ауруханада жұмыс істейді. 

Ол қазір құрттың суынан адамның иммунитетін көтеріп, қартаюдың алдын алатын дәрі әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

  
«Өзіміздің ұлттық тағамымыз құрттың сары суынан бір биоқоспа жасап жатырмын. Оны «Фузилакс» деп атадым. Өнімді әрі атауын патенттеп алдым. Бұл дәрі иммунитетті көтереді. Әсіресе, оның спортшыларға тигізетін пайдасы көп. Олар, әдетте, бұлшық етін қатайту үшін көбіне ақуыз ішіп жатады ғой. Құрттың суында сондай қасиет бар. Бұл қоспаның ішінде он алты түрлі құрам бар. Мысалы, құрттың суын зерттеп көрсеңіз, ішінен он түрлі құрам табасыз. Соған өзім әзірлеген алты түрлі қоспаны қостым. Осы дәріні әзірлеп жатқанымызға бес жыл болды. Жапонияда бір дәріні шығару үшін кем дегенде төрт-бес жыл кетеді. Бұйырса, осы жылдың соңына дейін үш түрлі өнімді әзірлеп шығармақ ойымыз бар, – дейді Әбдібек Қалибек.


Әбдібек Қалибек – Қытайдың Үрімші қаласында туып-өскен қазақ. Шыңжаң медициналық университетінде клиникалық медицина мамандығын алған. Кейін 2004 жылы Жапониядағы Juntendo университетінің магистратурасы мен докторантурасын бітірген. Оның ендігі арманы – туған еліне, жеріне пайдасын тигізу. 

«Жас ұлғайған сайын қоғамға пайда келтірудің орайын іздеп, артыңнан із қалдыру үшін шәкірт тәрбиелеуді, білім мен біліктілікті дұрыс арнаға бағыттауды көп ойлайды екенсің. Елдегі медицина жүйесін өзгертетін білікті маман ретінде барып, еңбек еткім келеді. Осы салада жинаған жиырма жылдық тәжірибеме сүйеніп, Қазақстан медицинасын ілгерілетуге мүмкіндік берсе екен деймін», - деді ол «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.