Қазақстанның әскери қызметшілері «Десанттық взвод» байқауында бағын сынайды

Қазақстанның әскери қызметшілері «Десанттық взвод» байқауында бағын сынайды
Сурет: Gov.kz

Осы мақсатта әскерилер дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазақстандық әскерилер Ресейде өтетін жарысқа дайындалып жатыр. Бұл шара тамыздың 9 күні Рязань қаласында өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Алматыдағы десанттық-шабуылдау бригадасының және Құрлық әскерлері Әскери институтының полигондарында әскери қызметшілер Армиялық халықаралық ойындар шеңберінде «Десанттық взвод» конкурсына қатысу үшін даярлықтан өтуде», – делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, десантшылар жаттығу қарқынын үдетуде. Бұл ретте әскери қызметшілер оқ ату даярлығын жетілдіріп, дене шынықтыру дайындығын арттыруда.

«Даярлық жоспарға сәйкес екі кезеңде өткізілуде. Бірінші кезең барысында біз оқ атуды жүктемесіз орындадық. Ал екінші кезеңде минутына пульс қарқыны 170 соққыға дейін, сондай-ақ әртүрлі қалыпта дәл көздеп оқ ату пысықталды», – деді танкіге қарсы қол гранатаатқышынан оқ ату жөніндегі нұсқаушы майор Сергей Батурин

Оның айтуынша, бұрын өткізілген жарыстарда жол берілген қателіктер зерделеніп, себептеріне талдау жасалды. Оларды жою бойынша шаралар қабылданды.  

Нұсқаушылар жаттықтыру барысында танкіге қарсы қол гаранатаатқышынан оқ ату кезінде ефрейтор Дәурен Ахметқалидың жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті. Әскери қызметші 150, 200, 250 метр қашықтықтағы жертасадан танкіні имитациялайтын нысанаға дәл тигізіп жояды. 

Конкурс төрт кезеңнен тұрады. Олар десант түсіруді, жерге қону алаңында жиналуды, 10 километр қашықтыққа марш жасауды, жеке жарысты, оқ ату кезінде жауынгерлік машинамен ізге түсу жарысын, сондай-ақ жауынгерлік машиналардағы эстафетаны қамтиды.

Биылғы жылы Армиялық халықаралық ойындар 12 елде өтеді. Ойындар бағдарламасы 34 конкурстан тұрады. Олардың ішінде екеуі – «Артиллериядан оқ ату шебері» минаатқыштар есептоптарының сайысы және «Сұңқар аңшылығы» ұшқышсыз ұшатын аппараттар есептоптарының сайысы Қазақстанда өтеді.