Қазақстанның Пекинде өтетін қысқы Олимпиадаға дайындығы қалай?

Қазақстанның Пекинде өтетін қысқы Олимпиадаға дайындығы қалай?
24.kz

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов еліміздің Қысқы Олимпиада ойындарына қалай дайындалып жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz baq.kz сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 23 қыркүйекте сенатор Нұржан Нұрсипатов Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы жайында сауал жолдаған болатын.

2018 жылдан бастап жыл сайын олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды дайындау бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде министрлік пен Ұлттық Олимпиада комитеті арасында шарт жасалуда. 2021 жылғы 8 қаңтардағы мемлекеттік тапсырыстың аясында Ұлттық Олимпиада комитеті қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың Олимпиада ойындарына дайындығын қамтамасыз етеді, - деді Дәуешов.
Айтуынша, спорт резервін даярлаудың өзекті мәселелерін талқылау және бірлесіп шешім қабылдау мақсатында министрдің төрағалығымен 2021 жылғы 17-24 тамыз аралығында өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың, Ұлттық Олимпиада комитеті өкілдерінің қатысуымен қысқы спорт түрлері бойынша бас жаттықтырушылар мен федерацияларды тыңдау өткізілді.

Тыңдау қорытындысы бойынша, Пекин қаласында 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасында облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың дене шынықтыру және спорт басқармаларына, ведомстволық бағынысты ұйымдарға, Ұлттық Олимпиада комитетіне және қысқы спорт түрлері бойынша федерацияларға нақты тапсырмалар берілген.

2021 жылғы 2 қыркүйекте Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен бұқаралық спортты дамыту және Пекин қаласында 2022 жылғы XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың, барлық өңірлер әкімдері орынбасарларының, бас жаттықтырушылардың, қысқы спорт түрлері бойынша федерациялардың, Ұлттық Олимпиада комитетінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Онда, тиісінше, қысқы спорт түрлерін дамытудың проблемалық мәселелері бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді, - деді вице-министр депутаттарға берген жауабында.
Сондай-ақ қысқы спорт түрлері бойынша елдің штаттық құрама командалары бас жаттықтырушылардың жеке басшылығымен бекітілген жеке дайындық жоспарларына сәйкес, Қысқы Олимпиада ойындарына белсенді дайындалып жатыр.
2020 жылдан бастап 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу бойынша түрлі әлемдік лицензиялық, рейтингтік турнирлер өткізіледі. Қазақстандық спортшылар, сондай-ақ басқа елдердің спортшылары да осы турнирлерге қатыса отырып, Олимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпай жинайды. Соңғы лицензиялық турнир 2022 жылдың қаңтар айында өтеді. 2022 жылғы қаңтар айының соңында рейтингтік турнирлердің қорытындылары шығарылып, лицензиялардың саны айқындалады. Айта кету керек, Олимпиада ойындарының алдында біздің спортшылар 50-ге жуық лицензиялық турнирге қатысуды жоспарлап отыр. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, фристайл-могул, фристайлакробатика және тұғырдан шаңғымен секіру бойынша іріктеу жарыстарына қатысады, - делінген министрлік жауабында.
Бүгінгі таңда министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын әзірлеп жатыр. Онда дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның бұқаралық спортты дамыту және спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларға арналған спорт резервін дайындау бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бақылау бөлігінде бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру бойынша құзыретін күшейту көзделеді.