Қазақстанның бас муфтиі Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасады

Қазақстанның бас муфтиі Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасады
Сурет: Muftyat.kz

Мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырды.

Қазақстанның бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы отандастарына үндеу жариялады. Бұл үндеуде бас мүфти айт қарсаңында малдың, азық-түліктің бағасын көтермеуге шақырды, қарапайым азаматтарды қайырымдылық шараға қатысуға үгіттеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Muftyat.kz cайтына сілтеме жасап.

Санаулы күндерден кейін күллі мұсылман халқы ең маңызды мерекелердің бірі – Құрбан айт мейрамын тойлайды.  Мұсылмандарға арналған 2021 жылдың күнтізбесіне сәйкес, биыл Құрбан айт 20, 21, 22 шілде күндері тойланады.

«Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін»,– делінген мүфтидің үндеуінде.

Қазақстанның бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлер мен бизнесмендерден өзге қатардағы отандастарын қайырымдылық шараға қатысуға шақырды. 

«Ардақты ағайын, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді...» деген сүйінші хабар жеткізген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету мақсатында «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясын бастады. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтілетін болады. Осы игі іске үлес қосып, сынақты сәттерді бастан кешіп отырған отандастарымызға қол үшын созуға шақырамын»,–  делінген бас мүфтидің үндеуінде.