Қазақстандықтар құрбандық шалу рәсімін онлайн форматта жасай алады

Қазақстандықтар құрбандық шалу рәсімін онлайн форматта жасай алады
Сурет: Crispy.news

Ол үшін qurban2021.kz. сайтында өтінім қалдыру қажет.

Мұсылман халқы ерекше тойлатын Құрбан айт мейрамы қарсаңында денсаулық сақтау саласының мамандары арнайы үндеу жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев қазақстандықтарға адамдар көп жиналатын рәсімдер ұйымдастырмауға және ондай шараларға бармауға кеңес берген.

«Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша барлық қоғамдық іс-шараларды мерекелеу шектелген. Біз қалыптасқан жағдайда азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығы бірінші орынға шығатынын түсінуге тиіспіз», - делінген үндеуде.

Комитеттің ресми өкілі осыған байланысты барша қазақстандықтарды жағдайға түсіністікпен қарап, Құрбан айт қарсаңында шағын отбасылық шеңберде мерекелік іс-шаралар өткізуге, барлық байланыстарды азайтуға, бұқаралық іс-шараларды, адамдар көп жиналатын рәсімдер ұйымдастырмауға және ондай шараларға бармауға кеңес береді.

Сонымен қатар, республиканың барлық аймақтарында коронавирустың "дельта" штамы анықталғанын, оның әдеттегі штамға қарағанда 60 пайызға жұқпалы және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін еске салады.

«Биыл екінші жыл қатарынан қазақстандықтар құрбандық шалу рәсімін онлайн форматта жасай алады. Ол үшін qurban2021.kz. сайтында өтінім қалдыру қажет. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбандық еті мұқтаждар арасында толығымен таратылады. Сонымен қатар, карантиндік талаптарды қатаң сақтауға, бетперде киюге, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, қолды жиі өңдеуге, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға шақырамыз», - дейді Ержан Байтанаев.