Қазақстандық өнімдер Қытайда сұранысқа ие

Қазақстандық өнімдер Қытайда сұранысқа ие
Сурет: Qazaqtv.com

Қазақстандық өнімдер қытайлық тұтынушылар арасында танымал бола түсуде

Қытайдағы ЭКСПО көрмесінде отандық тауар өндірушілердің алуан түрлі ассортиментімен танысуға болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасының белсенді қатысушысы бола тұра, осымен 4-ші жыл қатарынан аталмыш халықаралық іс-шарада өз өнімдерін ұсынып келеді.

«Қытайлықтар Қазақстанда шығарылған жоғары сапалы өнімдерді қатты жақсы көреді. Біздің тауарлар олардың талаптарына сай келеді. Қазір Қытайда түйе сүті аса сұранысқа ие. Бізде осы өнімді шығаратын екі компания ұсынылған», - дейді ҚР Ұлттық стендінің жетекшісі Әлібек Смаилов.

Осы жылдың басында отандық өндірушілер Қытайға 220 мың құты құрғақ түйе сүтін жеткізіп үлгергенін айта кеткен жөн.

«Біз өз өнімімізді 100% табиғи түйе сүтінен аламыз. Қазақстанда кейбір ауруханалар түйе сүтін науқастарға тезірек аяққа тұрып кетуі үшін береді. Себебі түйе сүті өте құнды. Оның құрамында аминқышқылдары, минералдар мен дәрумендер бар. Біз, қытайлық инвесторлар түйе сүтінің пайдасын бағалап, саланың болашағы барын сездік, сондықтан Қазақстанға инвестиция салып отырмыз», - дейді компания өкілі Ши Лида. 

Айта кетейік, биыл Шанхайдағы көрмеге Қазақстаннан 26 кәсіпорын қатысты.