Қазақстандық тенор халықаралық байқаудан үшінші орын алды

Қазақстандық тенор халықаралық байқаудан үшінші орын алды
Сурет: Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Ресей Федерациясының Ярославль қаласында Леонид Собинов атындағы екінші халықаралық вокал байқауы (Sobinov International Vocal Competition) өтті.

Осы байқауда Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Дамир Сәдуақасов үшінші орын алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Ярославль қаласының филармониясы ұйымдастырған байқауға Владимир Чернов (қазылар алқасының төрағасы, Ресей-АҚШ), Нелли Миричою (Ұлыбритания), Рубен Лисициан, Ольга Капанина (Ресей үлкен театры опера труппасының кастинг-директоры) және «TACT Management» агенттігінің арт менеджері Алекс Григорев (Нидерланды) қазылық етті.

 12 үміткер оркестрдің сүйемелдеуімен екі ария орындады (орысша және шет тілінде). Осыдан кейін қазылар алқасы кеңесіп, үздіктерді анықтады.