Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада 4 медаль иеленді

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада 4 медаль иеленді
Сурет: ҚР БҒМ баспасөз қызметі

Олимпиада Жапонияның Осака қаласында 24 шілде мен 2 тамыз аралығында онлайн форматта өтті.

 Ұлттық құраманың қоржынында үш күміс және бір қола бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Зияткерлік жарысқа әлемнің 79 елінен 312 оқушы қатысты. Қазақстанның атынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Павлодар қаласынан төрт оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысты.

 Ұлттық құраманы жарысқа тәжірибелі педагогтер мен жаттықтырушылар дайындады. Теориялық тапсырмаларды жоғары деңгейде орындаған қазақстандық қатысушылардың барлығы жүлдегер атанды.

 ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында барлық қатысушыларды жеңістерімен құттықтады. 

 «Олимпиадаға қатысушыларды жоғары жетістіктермен құттықтаймын! Сіздер дайындықтарыңыздың мықты екенін көрсеттіңіздер. Әр медаль - сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен жеңіске деген ұмтылыстарыңыздың нәтижесі. Сіздерге жаңа шыңдарды бағындыруда сәттілік тілеймін! Олимпиада жүлдегерлерінің ұстаздары мен жаттықтырушыларына берген білімдері үшін, ал ата-аналарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі оқушыларымыздың зияткерлік жарыстарда көшбасшылық орынға ие болуы үшін жағдай жасауды жалғастырады», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.