Қазақстандық барлаушылар «Жасыл соқпақ» сайысына қатысып жатыр

Қазақстандық барлаушылар «Жасыл соқпақ» сайысына қатысып жатыр
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Жарыс жыл сайын Ресей Федерациясында өткізіледі. Биыл ол Краснодар өлкесінің Молкино кентінде өтуде.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің әскери қызметшілері арнайы мақсаттағы барлау топтары арасындағы «Жасыл соқпақ» далалық машықтану конкурсында бағын сынауда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жасыл соқпақ» – ең беделді конкурстың бірі. Оған Балтық теңізінен Тынық мұхитына дейінгі аралықта орналасқан Ресей Федерациясының барлық округінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің командалары, сондай-ақ ҰҚШҰ елдерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері қатысады.

Сайыс 20-дан астам кезеңді қамтиды. Барлаушылар алыс қашықтыққа жылжу, су кедергісінен өту, арнайы міндетті орындау, жауынгерлік оқ ату және барлау тобын қарсылас тылына шығару кезінде топтардың әрекет етуін пысықтаумен сайысқа түседі. Жарыстың барлық кезеңін орындауға 100 сағат бөлінеді. Міндет тоқтаусыз орындалады. Беріктік пен төзімділікті анықтайтын басты сынақ 10 және 30 километр қашықтықта жүгіру болып табылады.

Жарыстың соңғы кезеңінде қатысушылар шартты қарсыластың диверсиялық топтарын торуылдап, олардың шабуылына тойтарыс береді.
Қорытындылау кезінде барлаушылардың әскери топография саласындағы білімі, бүркемелеу, жасырын жылжу шеберлігі, лагерьді ұйымдастыруы, медициналық және инженерлік даярлық дағдылары ескерілетін болады.

Барлаушылар конкурсқа қатыса отырып, әр түрлі өңірде, табиғи және климаттық жағдайларда жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуде тәжірибе жинақтайды.

Биылғы жылы 47-ші рет өткізіліп отырған «Жасыл соқпақ» сайысы 2 шілдеде басталған, 13 шілдеге дейін жалғасады.