Қазақстанда мал басы мен құс саны тұрақты түрде өсіп келеді

Қазақстанда мал басы мен құс саны тұрақты түрде өсіп келеді
Сурет: indiamart.com

Қазақстанда ауыл шаруашылығы қарқын алуда.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz ҚР АШМ сайтына сілтемелеп.

Сала басшысының айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара саны 7,8 млн басқа жеткен. 2019 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 5,6%-ға артық. Қой мен ешкі басы 4,7%-ға, жылқы 10,1%-ға, түйе 5,2%-ға өскен.

Соған сәйкес, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де артқан. Ет 4,3%-ға және сүт өндірісі 3,2%-ға өскен. 

«Өткен жылы мал шаруашылығы өнімдері импортын алмастыру аясында елімізде 48 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Бұл сүт зауыттарының жүктемесін 77%-ға дейін арттыруға, ал сүт өңдеу көлемін 1,8 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, 3 ет комбинаты іске қосылды. Осының арқасында ет өңдеу көлемін 151-ден 166 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды.

Бұған қосымша 8 құс фабрикасы іске қосылды. Нәтижесінде ұйымдастырылған шаруашылықтарда құс етін өндіру көлемі өткен жылы 222,7-ден 235,3 мың тоннаға дейін ұлғайды», - деп хабарлады С.Омаров.