Қазақстанда «E-Salyq Business» жаңа мобильді қосымшасы таныстырылды

Қазақстанда «E-Salyq Business» жаңа мобильді қосымшасы таныстырылды
Сурет: 24.kz

Кәсіпкерлерге арналған мобильді қосымша әзірленді

Әзірлеушілердің айтуынша, бұл жаңашылдық кәсіпкерге жеке ісін жүргізуді айтарлықтай жеңілдетеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Онда бүгінде мемлекеттік кірістер басқармасынан алуға болатын барлық қызмет қолжетімді. Осылайша кәсіпкерлер салық есептілігін мемлекеттік органдарға бармай-ақ тапсыра алады. Қосымшаның арқасында бұл автоматты түрде жүзеге асады. Сондай-ақ бизнесмендер салық органдарынан қажетті анықтамалар мен хабарламалар алып, олармен тікелей мәлімет алмасады. Бұған қоса мобильді тұғырнама екінші деңгейлі банктермен біріктірілді. Бұдан былай пайдаланушылар салықтың өтемін де үйден шықпай-ақ төлей алады.

Айта кетейік, жоба Мемлекет басшысының жеке кәсіпкерлер үшін салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін жеңілдету туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.

«Мақсаты – жеке кәсіпкерді тіркеуден бастап арнайы салық режимдерін таңдаудан, есеп жасау, кірістер жүргізу сынды барлық жұмысты жеңілдету. Бұдан басқа осы қосымша кассалық аппараттың қызметімен толықтырылды, яғни кассалық түбіртектерді ағуға болады. Кәсіпкерлік қызметті тоқтату немесе оның жұмысын уақытша доғару мүмкіндігі іске асырылды. Осылайша кәсіпкерлікке қатысты қызметтердің барлық түрі қосымша арқылы жүзеге асырылады», - деді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкербаев.