Қазақстанда баға туралы бірыңғай дерекқор іске қосылды

Қазақстанда баға туралы бірыңғай дерекқор іске қосылды
Сурет: My.ua

Осы арқылы азық-түлік тауарларының бағасына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге  болады.

Қазақстан үкіметі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы  туралы бірыңғай дерекқорды іске қосты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Cауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің дерегі бойынша, аталмыш ведомство ағымдағы жылдың маусым айында пилоттық режимде Eprice.gov.kz платформаны іске қосты.

Мамандардың айтуынша, платформаның негізгі міндеті - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары туралы бірыңғай дерекқорды және деректерді визуализациялау үшін интерактивті ортаны қалыптастыру. 

Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге және өңірлер бөлінісінде олардың өзгеруін талдауға мүмкіндік береді.

«Осы деректер көздерінің бірі Derekhub.kz. Бұл - мониторингтік топтар үшін ыңғайлы құрал болып табылатын және өңірлер бөлінісінде тамақ өнімдері мен дәрілік заттардың 19 атауы бойынша деректер енгізілетін ақпараттық жүйе», – делінген министрлік хабарламасында.

Жүйені қалыптастыру әртүрлі деректер көздерін интеграциялау арқылы жүзеге асырылады деп болжануда. 

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және т. б. ақпараттық жүйелерінен деректерді жинау және талдау жоспарлануда.