Қазақстанда «ақылды» фермалар салынуы мүмкін

Қазақстанда «ақылды» фермалар салынуы мүмкін
Cурет: Ognialatau.kz

Оңтүстік Корея Қазақстанмен «ақылды» фермалар салу тәжірибесімен бөлісуге ниетті

Бұл туралы «Корея - Орталық Азия» Достық қауымдастығының үшінші отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Онлайн-форум ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты дамытуға арналған. Онда Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан өкілдері сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салды.

Профессор Ли Ен Бомның айтуынша, Корея провинцияларында жұмыс күші жетіспейді, ал біздің республикамызда адами ресурс пен кең-байтақ аумақ жеткілікті.

«Кореяның ауыл шаруашылығында жұмыс жасайтындардың 45%-ы - 60 жастан асқан адамдар. Еуропада да дәл сондай жағдай. Жастар ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегісі келмейді. Орталық Азияда жастар көп. Оларды «ақылды» фермаларда жұмыс істеуге тартуға болады. Олар жаңа технологиялармен және үлкен деректермен танысады. Бұл Орталық Азиядағы «ақылды» фермаларды дамытуға көмектеседі», - деді Сеул қалалық университетінің профессоры Ли Ен Бом.