Қазақстанда азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ

Қазақстанда азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ
Сурет: Zen.yandex.ru

Ұзақ мерзімге жеткілікті тұрақты қор бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары апта сайын мониторинг жүргізіп отырады. Олардың айтуынша, республика бойынша жалпы көлемі 819 мың тонна түрлі азық-түлік тауарларының қоры бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тауарларының 32 түрі бойынша өңірлердің қамтамасыз етілуіне апта сайын мониторинг жүргізеді. Мониторинг тұрақтандыру қорларындағы, ірі сауда желілеріндегі, жеткізушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарының қоймаларындағы қорларды ескереді», делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Ресми мәлімет бойынша, өңірлердің жедел деректері бойынша ағымдағы жылдың 19 тамызында республика бойынша жалпы көлемі 819 мың тонна түрлі азық-түлік тауарларының қоры бар, оның ішінде өндіруші кәсіпорындарда – 301 мың тонна, қоймаларда – 86,6 мың тонна, сауда желілерінде – 374 мың тонна, тұрақтандыру қорларында – 18,3 мың тонна. Бұдан басқа, 495,7 млн. дана жұмыртқа қоры бар. 

«Көрсетілген көлем өнім түрлеріне байланысты бір айдан алты айға дейінгі мерзімге жеткілікті. Азық-түлік тауарларының өндірісі артып, қорлар үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Сондықтан олар бойынша тапшылық жоқ және ұзақ мерзімге жеткілікті тұрақты қор бар»,– деп хабарлайды мамандар.