Қазақстанда АЭС салу мәселесі зерттелуде

Қазақстанда АЭС салу мәселесі зерттелуде
Сурет: Inbusiness.kz

АЭС-ке қатысты мәселелер халықаралық сарапшылармен талқыланбақ

Бұл туралы Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков айтып берді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы мәселені бір жылда пысықтауды тапсырды. Қазір біз бұл жөнінде белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, біздің жұмысымыз – осындай жобаларды іске асыру үшін қажетті критерийлерді ескере отырып, ел аумағында АЭС салатын орынды анықтау. Біз сондай-ақ халықаралық сарапшылармен, соның ішінде технология, қуат бойынша консультациялар жүргізудеміз. Бізде тапшылық бола ма, егер болса, қай жылы және қандай көлемде болатынын анықтау үшін электр тұтыну мен электр өндірісінің теңгеріміне қараймыз. Бұл жұмыстардың барлығы қазір кешенді түрде жүргізілуде», - деді Мұрат Жүребеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, спикер АЭС-ке қатысты мәселелер халықаралық сарапшылармен бірге талқыланатынын атап өтті. Оның айтуынша, бір жыл ішінде ведомство мәселені одан әрі іске асыру бойынша өз пайымын ұсынады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы сезілетінін, әлемдік тәжірибе ең оңтайлы жол – бейбіт атомды ұсынып отырғанын айтты.