Қазақстанда 380 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа бармақ

Қазақстанда 380 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа бармақ
Сурет: Qazaqstan.tv

Осы кезге дейін баласын мектепке бергісі келетін ата-аналардан 285 мыңнан астам өтініш түскен.


Құжаттарды қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл мерзім болашақ оқушылардың ата-аналары мектепті алдын-ала анықтап, қажет құжаттарды уақытылы тапсырып, балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етуі үшін берілді. Ал мектеп әкімшілігі сыныптарды алдын ала жинақтау, оқулықтардың қажетті көлемін сатып алу, мұғалімдер арасында сағаттарды бөлу және сыныптар санына байланысты педагогтер құрамын анықтау бойынша жұмыстарды атқаратын болады.

«Енді құжаттарды қабылдау 4 айға созылады, бұл ата-аналарға да, мектеп әкімшіліктеріне де оқу процесіне дайындықты алдын ала ойластыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 10 тамыздан кейін мектептерде дайындық тобы жұмысын бастайды, оған ата-аналардың қалауы бойынша мектепке дейінгі мекемелерге бармаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар бара алады», – деп атап өтті ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Өтініштерді қабылдау Еgov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық форматта жүргізіледі. Мектепке қабылдау үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет: баланың денсаулық жағдайы туралы құжаттар (баланың денсаулық паспорты №026/у-3, №063/у нысаны бойынша медициналық анықтама); баланың көлемі 3х4 см цифрлық фотосуреті. Өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады.

«Қызыл» аймаққа енген өңірлерде тұратын ата-аналар медициналық анықтамаларды оқу жылының басталуына дейін ала алады.
Ведомствоның болжамы бойынша осы оқу жылында бірінші сыныпқа 380 мыңнан астам оқушы барады.