Қазақстанда 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда

Қазақстанда 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда
Сурет: Кorter.kz

Бұл туралы Үкімет жиынында белгілі болды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, құрылыс саласы – экономиканың белсенді дамып келе жатқан салаларының бірі.

Ол экономиканың аралас секторларын біріктіреді, әлеуметтік маңызы зор және экономикалық өсімнің локомотиві. 2020 жылдың қорытындысында елдің жалпы ішкі өніміндегі құрылыс саласының үлесі 6,1% құрады. Биыл 11 айдың қорытындысында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,6 трлн теңге болды.

Бұл өткен жылғыдан 6,2% жоғары.  Бүгінгі таңда құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді (оның ішінде құрылыс материалдары өндірісінде – 2 420 кәсіпорын. 641 мың қызметкер мен маман жұмыспен қамтылған. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. 977 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.