Қазақстанда 20 қазаннан бастап карантин шектеуі жеңілдейді

Қазақстанда 20 қазаннан бастап карантин шектеуі  жеңілдейді
Сурет: Tengrinews.kz

Карантин жеңілдейді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алесей Цой Үкімет отырысында 20 қазаннан бастап Қазақстанда карантин шаралары жеңілдейтінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын, сондай-ақ ведомствоаралық комиссияның вакцинацияға жататын контингенттің 70%-дан астамын екпемен қамтығанын ескере отырып, 2021 жылғы 20 қазаннан бастап мынадай шараларға рұқсат беру туралы шешім қабылданды: Келушілер COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжатты немесе ПТР анықтамасын ұсынған кезде қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік объектілердің пациенттеріне баруға рұқсат беріледі», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол түнгі клубтардың қызметі тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға арналатынын ескертті.

«Олардың толымдылығы 50%-ға дейін, бірақ «жасыл аймақта» 100 адамнан, «сары аймақта» 70 адамнан, «қызыл аймақта» 50 адамнан артық болмауы шарт. Ashyq жобасына қатысатын бизнес объектілерінің жұмыс уақыты «жасыл аймақта» сағат 03-00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары - сағат 05-00-ге дейін, «сары аймақта» сағат 01-00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары - сағат 03-00-ге дейін ұзартылады», - деді министр.