Қазақстан жыл сайын 60 млн доза вакцина шығаратын болды

Қазақстан жыл сайын 60 млн доза вакцина шығаратын болды
Сурет: Liter.kz

QazVac-тан бөлек, тұмау мен туберкулезге, өзге де инфекциялық ауруларға қарсы екпелер бар.

Бүгін Жамбылдағы «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ғылыми-зерттеу институтының жанынан биофармацевтикалық зауыт ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұдан былай елімізде жыл сайын инфекциялық ауруларға қарсы 60 млн доза вакцина шығарылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Отар елді мекеніне арнайы келіп, зауытты аралап көрді. Мұндай жоба Орта Азия аумағында алғаш боп біздің елде жүзеге асып отыр. Мекемеге мықты мамандарды тарту үшін мемлекет бар жағдайды жасауда. Президент тапсырмасымен қызметкерлерге арналған 180 пәтерлі үй салынды. Жанында спорт-сауықтыру кешені бар. Ғалымдардың жалақысы да екі есеге артты.

«Баршаңызды құттықтаймын. Шын мәнінде үлкен жетістік. Еліміз үшін өте қажетті өндіріс. Жаңа ғана қарап шықтым. Негізгі жұмыс орындалды. Бәрі дұрыс. Енді бұл жұмыс жалғасын табады. Келесі жылы жалғастырамыз, вакцина өте тиімді. Гуманитарлық көмек ретінде бұл вакцинаны Ауғанстанға, басқа да мұсылман елдеріне жібереміз. Дүние жүзінде мойындалып жатыр, баршаңызды құттықтаймын. Ризашылығымды білдіремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.