Қазақстан суперкубогын өскемендік қыздар жеңіп алды

Қазақстан суперкубогын өскемендік қыздар жеңіп алды
inform.kz

Петропавл қаласында Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында Қазақстан чемпионатының 1-туры аясында суперкубок сарапқа салынды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ел чемпионы, сондай-ақ биылғы кубок иегері Өскеменнің «Алтайы» мен Қазақстан кубогының финалисі талдықорғандық «Жетісу» алаңға шықты.

Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын өскемендік қыздар (команда капитаны Сана Анарқұлова) алғашқы партияда басымдылық танытты – 25:16. Екінші сетте Елена Павлованың шәкірттері есепті теңестірді – 25:21.

Дегенмен бұдан кейін «Алтай» қарсыластарына дес берген жоқ – 25:19, 25:17. Жалпы есеп – 3:1. Осылайша өскемендіктер бесінші рет суперкубокты ұтып алды.

Бұл – олардың биылғы төртінші жүлдесі. «Алтай» бұған дейін чемпиондық кубокқа қоса Азия клубтық біріншілігінде де үздік шыққан болатын.

«Алтай» жаңа маусымды да сәтті бастап, 1-турда жеті ойыннан кейін 21 ұпаймен жекедара бірінші орынға шықты. Талдықорғандықтар 6 кездесуден 15 ұпай жинап, екінші сатыда қалды.