Қазақстан ресейлік азаматшаның 2003 жылы ұрлаған қаражатын әлі қайтара алмай жүр

Қазақстан ресейлік азаматшаның 2003 жылы ұрлаған  қаражатын әлі қайтара алмай жүр
Сурет:Gov.kz

Ол қаражат АШМ-дікі деген ақпарат шындыққа жанаспайды

 

Ұрланған қаражатты ресейлік азаматшадан өндіріп алу туралы талап арызды Ауыл шаруашылығы министрлігі емес, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитеті берген, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарына сілтеме жасап.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бюджет қаражатын өндіріп алу туралы талап арыз бергені туралы хабарлама дұрыс ақпарат емес, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі

Бірқатар қазақстандық БАҚ Ресейдің «Вести Омск» ақпараттық порталына сілтеме жасай отырып, Светлана Киршоваға қатысты сот процесі туралы ақпарат таратты. Ол алаяқтық жасап, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің шотынан аса ірі көлемде қаржы ұрлады деп айыпталуда. Ақпараттық материалдарда РФ азаматшасы Светлана Киршоваға қатысты жүргізілген қылмыстық іс аясында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі ұрланған бюджет қаражатын өндіріп алу туралы талап арыз берген деп көрсетілген.

Негізі, бұл хабарлама дұрыс емес және бұқаралық ақпарат құралдарының оқырмандары мен көрермендеріне теріс ақпарат таратуда. Бұл қателік ресейлік ақпарат көздерінің Қазақстан Республикасының орталық билік органдарының құрылымы туралы білмегендігінен болып отыр.

Осыған байланысты ҚР АШМ келесіні хабарлайды:

Шын мәнінде, қылмыскер бюджет қаражатын Су ресурстары комитетінің есебінен 2003 жылы ұрлаған, ол кезде бұл мекеме ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымдық бөлімшесі болған.

Алайда, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, 2019 жылдың маусым айынан бастап Су ресурстары комитеті Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағына өтті.

Сондықтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі айыпталушы ресейлік Светлана Киршовадан қаражат өндіріп алу туралы талап арыз бермегенін хабарлаймыз.

Белгіленген өкілеттіктерге сәйкес, мемлекет атынан талап арызды Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Су ресурстары комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі берген.