Қазақстан Президенті Астрахань облысының губернаторын қабылдады

Қазақстан Президенті Астрахань облысының губернаторын қабылдады

Мемлекет басшысы екі ел өңірлерінің ықпалдастығы кеңейе түскенін атап өтті.

Қазақстан Президенті Ресейдің Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкинді қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық және одақтастық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын және екі ел өңірлерінің ықпалдастығы кеңейе түскенін атап өтті. Осы ретте Өңіраралық ынтымақтастық форумы тиімді диалог алаңына айналып отыр.

Қазіргі уақытта Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қазақстанның өзге де облыстары Астрахань облысымен көптеген бағыт бойынша өзара тиімді кооперацияны жүзеге асыруда. Экономикалық белсенділіктің жаңғыруына орай шекара маңындағы сауда қарқыны біртіндеп қайта қалпына келіп жатқаны байқалады.

Қазақстан мен Астрахань облысының арасын негізгі байланыстырушы ретінде Ресей бойынша ең көп тұратын сол жердегі қазақ диаспорасы маңызды рөл атқарып отыр.

Президент Астрахань қазақтарының тарихи отанымен рухани байланыстарын нығайтуына, ата-бабаларының тілі мен мәдениетін сақтауына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқаны үшін Игорь Бабушкинге ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы қазақ халқының Бөкей хан, Құрманғазы, Дина Нұрпейісова және басқа да ұлы перзенттерінің есімін Астрахань жерінде ұлықтап келе жатқаны үшін аймақ әкімшілігі мен тұрғындарына алғыс айтты.