Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болды

Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болды
Сурет: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Бұған дейін еліміз Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 2013–2015 жылдары сайланған болатын.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы барысында Қазақстан Республикасы 2022–2024 жылдарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның кеңестегі жұмысының басым бағыттары – гендерлік  теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысандарына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында адам құқықтарын құрметтеу болады.

Адам құқықтары жөніндегі кеңес – БҰҰ жүйесінің үкіметаралық органы, оның құрамына әлемдегі адам құқықтарын көтермелеуге және қорғауға жауапты 47 мемлекет кіреді. Кеңес құзыретіне оның назарын талап ететін адам құқықтары саласындағы барлық тақырыптық мәселелер мен жағдайларды талқылау кіреді. Кеңес мүшелері бес өңірлік топтан сайланады және өз міндеттерін үш жыл бойы атқарады. Адам құқықтары жөніндегі кеңестің отырыстары БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде өтеді.