Қазақстан Ауғанстанның жағдайын талқылауға қатысты

Қазақстан Ауғанстанның жағдайын талқылауға қатысты
Сурет: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстандық тарапты Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Талғат Қалиев бастады.

Онлайн-форматта БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысының қатысуымен Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның сыртқы саяси ведомстволары басшыларының отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Конференцияға қатысушылар Ауғанстандағы бейбітшілік пен экономикалық дамуды қамтамасыз етудің келешегін, саяси, сауда-экономикалық және транзиттік-көлік салалардағы өзара іс-қимылды дамыту мүмкіндіктерін, сондай-ақ НАТО мен АҚШ жетекшілік еткен халықаралық коалиция күштері шығарылғаннан кейін өңірдің қауіпсіздігі мен Ауғанстанның болашақ саяси құрылымы мәселелерін талқылады.

Талғат Қалиев Ауғанстандағы бейбітшілік процесінің барлық тараптары арасында консенсус қалыптастыруға және оның Орталық Азиядағы экономикалық процестерге дәйекті интеграциялануына бағытталған халықаралық күш-жігерге қолдау білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша кездесуге қатысушылар Ауғанстандағы жағдайды реттеу және тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бейбітшілік орнатуға, халықты біріктіруге, қоғамды демократияландыруға және Ауғанстанды өркендетуге бағытталған бейбітшілік процесін қолдау туралы Бірлескен мәлімдеме қабылданды.