Қазақ жеріне Ауғанстаннан 35 қандас жеткізілді

Қазақ жеріне Ауғанстаннан 35 қандас жеткізілді
Сурет: Gov.kz

Қазақ ағайындар елге келуде

Ауғанстаннан 35 этникалық қазақ Қазақстанға эвакуацияланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com cайтына сілтеме жасап.

Қандастарымызды атамекенге қайтару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылды. Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағы Кабулдан ұшып шығып, Алматы әуежайына қонды.

Жолаушылардың барлығы карантиндік шараларды өту үшін оқшаулау орталығына жеткізілді. Рейс «талибан» қозғалысының келісімімен жүзеге асты, деп хабарлайды еліміздің Сыртқы істер министрлігі. Қазір Кабул қаласындағы Қазақстанның елшілігі қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Дипломаттар ауған жеріндегі қандастармен тұрақты байланыста. Олардың ұлтын растау жұмыстары жалғасуда.

«Алматы әуежайына Ауғанстан аумағынан этникалық қазақтардың бірінші легі келіп қонды. Өзіміздің қандастарды Ауғанстаннан шығару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасының Кабулдағы елшілігінің қолдауымен болған еді», - деді «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Сонымен қатар Хасан Дерман есімді қандасымыз ризашылығын білдірді.

«Маған көмектесіп, қолдап келгендеріңіз үшін үлкен рахмет! Қазақстан Президентіне, өзге де қол ұшын беріп көмектескендерге, журналистерге, Ауғанстандағы елшілікке алғысым шексіз. Аман болыңыздар! Атамекенге, тарихи отанымызға келгенімізге қуаныштымыз. Жұбайым келе алмады. Паспорты жоқ», - деді ол.