Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әр сабағының 5 минутында Абайды дәріптейді

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әр сабағының 5 минутында Абайды дәріптейді
Суреттер: Almaty.tv

Абайдан рухани азық алатын ұстаз

«Алматының жыл мұғалімі» байқауының Гран-при иегері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Нұржігіт Аманов қала әкімінің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алған болатын. Ол қала бойынша іріктеліп алынған 31 ұстаздың ішінен үздік шыққан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазіргі таңда Нұржігіт Аманов Алматыдағы әйгілі режиссер Сұлтанахмет Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

Ұстаз цифрлық білім беру технологиясын жасап шыққан. Оның айтуынша, қазіргі заман оқушыларының білімді қабылдау қабілеті, бұрынғы кезбен салыстырғанда өзгеше. Балаларға бірден қабылдап, алатындай ерекше дүние қажет.

«Мен «New generation» – цифрлық білім беру технологиясын жазып шықтым. Ол қазіргі заманға сай жазылған.  Бұл - оқушы мен ұстаздың білім берудегі арақатынасын жетілдіре түсетін ақпараттық технология. Қазіргі заман оқушыларының қабылдау қабілеті, бұрынғы кезбен салыстырғанда басқаша. Бұл – цифрлық білім беру технологиясы ҚҚҚ+ТТТ=Ф білім беру формуласы. «New generation»деген формулаға негізделген. «New generation»– сиқырлы білім беру жобасы арқылы берілетін әрбір сабақ қызықты, қиын, құнды болу керек. Талғамын, танымын дамытып, талдай білу. Оқушының бойында осы 6 қабілет болса, онда баладан функционалдық сауаттылық қалыптасқан тұлға шығады. Қазіргі таңда осы технологияны мектепте қолданып жатырмызДегенмен біз, ұстаздар, «жаңашылдық», «жаңару деген осы екен» деп, өткеннен қол үзіп кетуге болмайды. Білім берудегі жаңашылдық әлемдік стандартқа жауап бергенімен, тәрбие берудегі әдіс-тәсілдеріміз ата-бабамыз сан ғасырлар бойы қалыптастырған стандартқа сай болуы керек. Сонда ғана қазақ ұлты түрлі өркениеттер ағымында кетпей, өзіндік болмысын сақтап қалатын болады», – дейді мұғалім.

Нұржігіт Аманов - бала кезден Абайды оқып, өзіне рухани азық алатын ұстаз. «Абай әлемі» жобасын жасаған. Сонымен қатар мектептегі білім жоспарына да Абайдың шығармасы мен өлеңдерін енгізген. Әр сабақ сайын 5 минут Абайға тоқталады.  

«Жобаның «Абай әлемі» деп аталуының басты себебі – Абайдан бүкіл адам рухани азық алады. Мектептің басты бағыты не? Кез келген нәрсенің тәлім-тәрбиелік мәні ескеріледі. Сол секілді Абай неге мән берді? Біз де соған мән бере отырып жасадық. Мен әр сабағымның 5 минутын Абайға арнаймын. Жаңа айтып өткендей, «New generation» жобасына әрбір сабаққа Абайдың өлеңдерін, шығармаларын енгізіп, жоспар жасағам», – дейді ол. 

Айта кетейік, «Абай әлемі» жобасы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған. Аталмыш жоба бүкіл қала бойынша ең үздік жоба ретінде танылып, арнайы білім басқармасының марапатына ие болған. Алматының жыл мұғалімі ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.