Қазақ теңгесін қолдан жасаушылар көп пе?

Қазақ теңгесін қолдан жасаушылар көп пе?
Сурет: Finance.kz

Өткен жылмен салыстырғанда қолдан ақша жасаушылар саны азайған.

Осы жылдың алты айында Қазақстанда 1 млн теңгеден астам сомаға қолдан жасалған 336 ақша белгісі анықталған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мамандардың айтуынша, былтыр осы уақытта осындай 390 банкнот айналымнан алынған болатын.  

«Қолдан ақша жасаушылар көп жағдайда 2 000 және 5 000 теңгелік купюраларды жасайды. Бұл купюралардың жалпы үлесі 65% және 19% құрайды. Қалған 16%-ы басқа номиналдағы банкноттар мен монеталарға тиесілі», – делінген Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарламасында.   

Ұлттық банк мамандарының айтуынша, жалған ақшалардың көп бөлігі Алматы (228) мен Нұр-Сұлтанда (43) анықталды. 

«Қолдан ақша жасаушылар негізінен визуалды қорғаныш элементтерін имитациялайды. Бір қарағанда, олар шын ақша сияқты болуы мүмкін, бірақ банкнотты мұқият зерделеп көрген кезде қолдан жасалғанын анықтай аласыз. Түпнұсқа банкноттар айқын бейнелерімен ерекшеленеді, аңыздағы Самұрық құсы түріндегі су белгісі, номиналы, сондай-ақ жарық түсірген кезде анық көрінетін қорғаныш жібі бар», – дейді ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналысы департаменті банкноттар мен монеталарды сараптау басқармасының басшысы Асқат Мұқамадиев.