Қазақ радиосына - 100 жыл!

Қазақ радиосына - 100 жыл!
Сурет: El.kz

1921 жылы 1 қазан күні Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Қазақ радиосы Орынбордан алғашқы рет хабар таратты.

Қазақстан Президентінің бұйрығымен бүгін алғаш рет Радио күні аталып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Радио қызметкерлері күнін белгілеп бергенін бұрын жазғанбыз.

Осыдан тура бір ғасыр бұрын радионың тұңғыш хабары Орынбор қаласынан әуе толқынына шықты. Содан бері Қазақ радиосы ұлтымыздың үнжариясына айналды. Бүгінде «Қазақ радиосы»  радиоарнасының қатары «Шалқар», «Астана» және «Classic» радиосымен толықты. «Қазақ радиолары» ЖШС құрамына төрт радио біріккен.

Орынбордан кейін Қазақ радиосы ел астанасы болған Қызылордаға ауысып, көп ұзамай Алматы қаласына көшті, ал 2012 жылдан бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласынан хабар таратып келеді.

Радионың «Алтын қорында»  Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Әнуарбек Байжанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев сынды  радиода қызмет еткен біртуар тұлғалардың және көптеген әдебиет пен өнер өкілдерінің дауыстары сақталған.