Қайыр сұрау кәсіп пе?

Қайыр сұрау кәсіп пе?
zhanaqorgan-tynysy.kz

Алматы қаласының тіршілігі қайнаған қазан іспеттес. Мәдениеттің, қаржының ордасына айналғанмен, ығы-жығы жиналған халқының тағдыры әрқилы. Әсіресе, соңғы уақытта тіленшілердің қатары көбейіп келеді. Жұма күндері мешіт алаңдарынан өте қалсақ болды, алақан жайып, қайыр-садақа сұраушыларды жиі көзіміз шалады.

Олардың арасынан зағип жандар мен жарымжан адамдарды, көп балалы аналарды, ақ сақалды, ақ жаулықты ата-әжелер мен қойнына емізулі баласын қымтап алған әйелдермен қатар, тұла бойы тіп-тік, жұмыс істеуге қабілетті ер-азаматтарды да кездестіреміз. Әсіресе, «Тастақ» базары, Төле би–Түркебаев көшесі мен Розыбакиев–Жандосов көшелеріндегі мешіттердің айналасында қайыршылар толып жүр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, пандемияға дейін тиын-тебен сұрайтындардың 80 пайызы Тәжікстан елінен келген азаматтар екені анықталған. Алайда, індеттің өршуі шетелдік тілемсектердің қатарын сейілтті. Қазір қол жайып отырғандардың дені – өз еліміздің азаматтары.

Осы тұрғыда заңгер-адвокат Шолпан Айымбетова жеңіл ақша табуды көздегендер қайыршылықты кәсіп етіп алған дейді. Айтуынша, оңай олжаға еттерін үйретіп алған аяқ-қолы бүтін тіленшілер жұмыс істеуге құлықсыз.

«Әркімнің тағдыры әрқилы ғой. Қайыр сұрап отырғандардың біразы еңбек етіп, жан бағуға қауқары жоқ болғасын амалсыздан қол жайып, тиын-тебен сұрауға мәжбүр. Мұндай кемтар жандар қайыр сұрауға мұқтаж десек те болады. Ал аяқ-қолы балғадай ер-азаматтарымыз қынжылмастан алақан жайып отырғанда, жаным ауырады. Қазақтың жауға қарсы тұратын батыр ұлдары екі қолға бір күрек іздеп, нәпақасын табудан қашады. Қайыршыларға арналған нақты заң жоқ. Сондықтан олардың қарасы күн санап артуда. Құқық қорғау қызметкерлері ұстап алып кеткеннің өзінде, әрі кетсе 2-3 сағат ұстап, шамамен 5 АЕК көлемінде айыппұл салып, бостандыққа жібереді», – дейді заңгер.

Момышұлы көшесінен көтеріліп келе жатып, «Спутник» сауда орталығының жанында алақан жайып отырған Зере есімді үлкен әжейді көріп, жанына бардық. Хал-жағдайын сұрап, қайыр сұрауының себебін білгенбіз. Жалғыз тұяғы мен жары дүниеден озып, өзі жалғыз қалыпты. Көзі дұрыс көрмейді екен. Дәрі-дәрмегіне ақшасы жетпегендіктен, осы жерге келіп, тиын-тебен сұрайтынын айтады. Бастапқыда Алматыдағы танымал «жетім бұрышты», «Тастақ» базарының жанын жағалаған екен, аталған жердің «жергілікті» немесе «тұрақты» қайыршылары жолатпай қойыпты. «Бұл – біздің бизнесіміз» деп айтатын көрінеді. Амалсыздан адам жүрсе болғаны деп, Момышұлы көшесінен қоныс тапқан. Айтпағымыз, «біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, қайыр сұрау әлдекімге мұқтаждық болса, кейбіреулер оны еріккеннің ермегі етіп жүр. Демек, заңсыздыққа тосқауыл керек.

ШАРИҒАТТА ҚАЛАЙ?

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ, дінтанушы:

«Құран аяты бізге: «Алла сендерге өз мәрхаметінен түнді тынығу, күндізді кеңшілігін (ризық) іздеулерің үшін жаратты. Әрине, шүкіршілік етерсіңдер» («Қасас» сүресі, 73-аят) деуі арқылы тірі адам тіршілік ету керек екендігін жеткізген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі адамдардың қайыр сұрауын ұнатпаған. Тіпті, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сіздерден біреулеріңіз қолына арқан алып, бір арқа отын әкеліп сатуы және Алла Тағаланың ол құлына деген құрмет етуі, әлбетте, қайыршылықтан әлдеқайда жақсы», – деп қайыршылық амалдан қашық болуға шақырған.

Ансарлық (Меккеден Мәдинаға көшіп келген мұсылмандарға жәрдемдесушілер) сахабалардан бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп садақа сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған:

– Үйіңде бір нәрсе бар ма? – дейді.

Әлгі кісі: – Иә, бір жамылғым бар. Оның жартысына жатамын да, қалған жартысын жамыламын. Ал бұдан бөлек су ішетін бір ғана торсығым бар, – деді сахаба.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған қарап:

– Олай болса, әлгі айтқан заттарыңды осында алып кел! – деп бұйырды. Ол кісі дереу орнынан тұра сала жаңағы айтқан заттарын алып Пайғамбардың (с.ғ.с.) алдына алып келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әкелген заттарды қолына алып, көпшіліктің алдында:

– Араларыңда мына заттарды сатып алатын адам жоқ па? – деді. Сол уақытта бір кісі:

– Айтқан заттарыңызды бір дирхамға мен-ақ сатып алайын, – деді. Мұны естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі-үш мәрте:

– Одан да артық бағаға алатын адам жоқ па? – деді сөзін қайталап. Бұл сөзді естіген бір кісі:

– Екі дирхамға мен алайын, – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу қолындағы заттарын екі дирхамға сатты. Содан ақшаны әлгі садақа сұраған кісінің қолына табыстап былай деді:

– Бір дирхамына балаларыңа жейтін азық, келесі бір дирхамына арқан сатып ал да, сонымен нәпақаңды айыр. Садақа сұрай келген ол кісі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқандарын бұлжытпай орындады. Араға он бес күн салып сол аралықта он дирхам пайда тапқандығын, оның бір бөлігіне киім, тағы бір бөлігіне ішіп-жейтін азық-түлік алғандығын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қуана жеткізді. Осы сөзін күткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) еңбек етуге ынталандыру мақсатында:

– Міне, нәпақаны осылайша маңдай терді төгіп тұрып тапқан жақсы ма болмаса қиямет күні маңдайында қайыршы деген мөрімен Алланың құзырына шыққан жақсы ма? – деп қайыршылықтан гөрі адал еңбекпен тапқан нанның дәмді, жұғымды, берекелі болатынын ескертсе керек.

Шынында, дініміз адал жолмен кәсіп ете отырып, отбасын қамтамасыз етуге шақырады. Және оны ғибадаттардың бір түріне жатқызады. Яғни ұрлық-қарлық жасау қандай күнәлі іс болса, маңдай термен нан табу да сондай сауапты амал болып табылады.