Қай өңірдің бағасы жүгенсіз кеткен?

Қай өңірдің бағасы жүгенсіз кеткен?
moneyman.ru

Осы сұраққа Ұлттық банк жауап берді.

Еліміздегі азық-түлік бағасы өрескел қымбаттаған өңірлерді Ұлттық банк атап көрсетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Жалпы ел бойынша азық-түлік бағасы бір айда 0,7% өсті. Әсіресе Шығыс Қазақстан (1,2%), Павлодар және Солтүстік Қазақстан (1,1%) облыстарында қымбатшылықтың қарқыны қатты. Жеміс пен көкөніс бағасы1,5% қымбаттаған. Әсіресе қырыққабаттың бағасы Алматы қаласында 17,7% артты. Ал жұмыртқаның бағасы Алматыдан басқа өңірлердің бәрінде көтерілді. Ең жоғарғы өсім Атырау облысында тіркелді (30,2%)», - деп жазылған Ұлттық банктің инфляция туралы сараптамасында.

Ресми мәліметте, азық-түлік тауарын ауыздықсыз жіберген Шығыс Қазақстан облысындағы ахуал жеке талданған.

«Өңірде жоғарғы сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан 6,2%, қарақұмық жармасы 3,3%, жеміс пен көкеніс 3,4% қымбаттады. Бұл тауарлардың республикалық орташа бағасы 0,9%, 0,5% және 1,5% көтерілген», - деп жазады Ұлттық банк мамандары. 

Шығыс Қазақстаннан кейінгі орында тұрған Павлодар облысында 1-сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан 5,1%, қара бидай наны 2,9% қымбаттаған. Ал Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында ет пен ет өнімдері 2 және 1,3% қымбаттаған.

«Ақтөбе облысында құс еті бір айда 8,6% қымбаттады. Солтүстік Қазақстан облысында жылқы еті 2,9%, ал қой еті 3,8% қымбаттады. Ал республика бойынша бұл өнімдердің бағасы 0,3 және 0,4% ғана көтерілген», - делінген Ұлттық банк талдауында.