Қай аймақта екпе алу қарқыны төмен?

Қай аймақта екпе алу қарқыны төмен?
Сурет: 24.kz

10 тамызға дейін қызмет көрсету саласының барлық қызметкерлері COVID-19 вакцинасының бірінші компонентін алуы тиіс.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов еліміздің кейбір өңірлерінде екпе салдыру көрсеткішінің төмен екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Рrimeminister.kz сайтының хабарлауынша, өңірлердің әкімдіктеріне шектеулер енгізу және олардың сақталуын бақылау бойынша барлық шараларды қабылдау тапсырылды. Вице-премьер коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте мониторинг топтарының жұмысының маңыздылығын және барлық өңірлерде осы бағыттағы белсенділіктің төмендігін атап өтті.

ШОБ нысандарын рейдтермен қамтудың барынша төмендеуі Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Анықталған бұзушылықтар санының төмендеуі Маңғыстау, Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалады. Е.Тоғжанов барлық өңірлерде мониторинг топтарының жұмысын жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ, вице-премьер еліміздің кейбір өңірлерінде вакциналаудың төмен қарқынын атап өтті. Мысалы, Маңғыстау облысында халықтың тек 25,6%-ы бірінші компонентпен егілді, бұл республика бойынша орташа мәннен 2 есе төмен (52,4%). 6 өңірдің (БҚО, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстары) көрсеткіштері ел бойынша орташа мәннен айтарлықтай артта қалып отыр.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 14 шілдедегі №32 Қаулысына сәйкес, биылғы жылғы 10 тамызға дейінгі мерзімде қызмет көрсету саласының барлық қызметкерлері COVID-19 вакцинасының бірінші компонентімен екпе алуы тиіс.