Қатерлік ісік пен өкпе ауруларынан Алматы әлемде алдыңғы орындарда тұр

Қатерлік ісік пен өкпе ауруларынан Алматы әлемде алдыңғы орындарда тұр
Сурет: Total.kz

Экобелсенділерді Алматы ауасының ластануы алаңдатып отыр

Экология белсенділері Алматы қатерлі ісік, өкпе аурулары бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұр деп дабыл қағуда. Мұның басты себебі – ауа бассейнінің ластануы. Қалың қара түтін Алматы аспанын торлап тұрады, деп хабарлайды Almaty-akshmy.kz 


Зиянды заттардың басым бөлігі автомобильдерден шығады. Себебі – көбі ескі.

Экология департаменті мамандарының айтуынша, қоғамдық көліктер де толығымен газға ауыстырылмай отырған көрінеді. 

«Алматыдағы жеке тұрғын үй секторы түпкілікті табиғи отынға ауыспайынша, қаланың ауасы тазармайды. Газбен жүретін қоғамдық көлік санын да үш есе арттыру қажет», – дейді экологтар.

Әйтпесе, күн сайын қаланың тынысы тарылып, ауа ластанып барады. Шаһарда көп қабатты үй құрылысы қарқын алғандықтан, желдену де нашарлап отыр.

«Алматы қаласының кіре берістерінде 20-дан аса экопост жұмыс жасайды. Олардың жұмысы әлі тиімсіз. Өйткені кейбір жауапты мамандар ол жерде жұмысын тиісті деңгейде жасамай жатыр. Көліктерден көк түтін, қара түтін будақтаған көліктер, әсіресе, жүк көліктері ары-бері саулап жүр күнделікті. Алматы қаласында 700 мыңнан аса көлік бар. Біздің есебімізше, 30 пайыздан астамы экологиялық талаптарға сәйкес келмейді», - дейді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Дінмұхаммед Лесбеков. 

4 жыл бұрын Алматы әлемдегі ең лас 100 қаланың қатырына енді. Ал «Қазгидромет» мекемесінің мәліметінше, қаланың ластану индексі 7 балға жетті. Бұл атмосфералық ауаның өте нашар екенін көрсетеді. Алматының жоғарғы бөлігіне биік үйлер көп салынуда. Ондай ғимараттар онсыз да ойпатта тұрған шаһардың ауа алмасу процесіне кедергі жасайды. Тұрғындар тарапынан арыз-шағым жиі айтылғанымен, жағдай жақсармай отырғаны қынжылтады.

 Алматыда жылына 122 мың тонна зиянды қалдық ауаға тарайды. Экологияны жақсарту үшін «Жол картасы» әзірленіп, көгалдандыруды ұлғайту жоспары бекітілді. Алдағы екі жылда қалада 3 млн көшет отырғызылмақ.

«Дегенмен көлік ағынын реттемей, экологиялық бекет жұмысын қатаңдатпай, құрылысты сауатты жүргізбейінше, мәселе шешілмейді», - дейді экологтор.