Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс арқылы саммитке қатысады

Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс арқылы саммитке қатысады
Сурет: Vlast.kz

«Ғылым, технология және инновация: жаңа белестерге жол ашу» атты тақырып бойынша өтетін виртуалды саммитке Біріккен Араб Әмірліктері төрағалық етеді. 

Бүгін, 16 маусымда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технология жөніндегі екінші саммитіне бейнебайланыс арқылы қатысады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

«Жиында ғылым, технология және инновация салаларындағы өзара ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ 2026 жылға дейінгі аталған бағыттардағы ИЫҰ бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланбақ.

Жалпы ИЫҰ-ның ғылым және технология жөніндегі саммиті Қазақстанның бастамасымен өтіп келеді. Алғашқы саммит 2017 жылдың қыркүйек айында елордада өткен болатын», -делінген баспасөз хатшысының Фейсбуктегі парақшасында.

Бүгінгі іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де басталады деп жоспарланған. Саммиттің тікелей көрсетілімін мына сілтеме бойынша көруге болады:  https://www.youtube.com/user/OICofficial