«Қари болғым келеді»

«Қари болғым келеді»
Сурет: Мuftyat.kz

Дәл осындай атпен жарық көрген кітаптың таныстырылымы Алматыда өтті.

Кітаптың авторы -  исламтанушы, «Байкен» мешітінің ұстазы әрі «Балапан қари» орталығының жетекшісі Малика Айтжанқызы, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тағылымды іс-шараға ҚМДБ-ның Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Алмалы аудандық «Төле би» мешітінің бас имамы Ерсін Әміре, Нұр-Мүбарак университетінің оқытушылары Бауыржан Әлиұлы мен Құрманғазы Садыбаев қатысты.

Алматы қаласының бас имамы, қари Төлеби Дәділұлы: «Қасиетті Құран – Алланың сөзі. Алла Тағаланың сөзін толық жаттау – исі мұсылманның арманы екені сөзсіз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде: «Адамдардың ең жақсысы – Құранды жатқа білген, Алланың дінін жақсы түсінген, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған және туған-туыспен қарым-қатынасы өте көркем болған жан» деген. Аллаға шүкір, бүгінде елімізде қарилыққа ниет етіп, Құран жаттауға ықылас танытушылардың қатары күннен күнге артып келеді. Бұл – өте қуанарлық жайт. Тек осы мақсатта табандылық, сабырлық пен ықылас керектігін баса ескергеніміз абзал. Жаттаудың көптеген әдіс-тәсілдері мен артықшылығы қамтылған бұл кітап, қалың оқырмен үшін әсіресе, Құран жаттап, қари атанғысы келетін ынталы қауымға пайдалы болады деп сенемін».

Малика Ергешованың «Қари болғым келеді» кітабы жалпы оқырман қауымға, әсіресе, Құран үйреніп, оны басқаларға үйретемін деушілерге арналған. Аталмыш еңбекте Құранның уахи болып түскен сәтіндегі жаттау ерекшеліктері туралы, қазіргі уақыттағы әлемдік қарилық әдістемелері ұсынылған. Одан өзге болашақ қариларға пайдалы ақыл-кеңестер де қамтылыпты. Тағы айта кетерлігі, кітапқа ҚМДБ сараптама секторының оң қорытындысы берілген.