Қара шыбынның пайдасы

Қара шыбынның пайдасы
Сурет: Newsroom.kz

Еліміздің экологиясын жақсарту үшін ғалымдар шыбын дернәсілін пайдаланбақшы

Отандық ғалымдар экологияны жақсартуда және топырақтың құнарын арттыруда шыбын дернәсілін таптырмас тыңайтқыш деп тауып отыр. Қазір олар осы салада тәжірибелік жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бір килограмм шыбын дернәсілін өсіру үшін 10-15 килограмм қорек керек. Оңтүстік Америка шыбындары құстың саңғырығын да, тамақ қалдықтарын да, ағаш үгіндісі, бидай кебегі – бәрі-бәрін талғамай жей береді. Тек табиғи болса болғаны. Ғылымға шыбындардан бұрын олардың дернәсілдері бағалы.

Ол өнімнің құрамында 40 процент протеин, 30 процент белок, қалған проценті ең қажетті амин қышқылдары болып табылады. Бір килограмм ақуыз алу үшін шыбын дернәсіліне 400 грамм жүгері кетсе, сиырға 45,3 кг жүгері керек. 1 килограмм ақуыз алу үшін дернәсілге 5400 литр су кетсе, сиырға 110 000 литр су керек. Олар аз қоректен пайдалы көп өнім өндіреді.

«Осы өнімді тұтынған құстар, балықтар, біріншіден, ауырмайды, екіншіден, массасын, етін көбірек жинайды, үшіншіден, жұмыртқа салуы жиірек болады. Яғни күніне бір жұмыртқа салатын болса, біздің дернәсілдердің арқасында күніне екі жұмыртқаға дейін салатын болады», - дейді биотехнолог, PHD докторы Серікхан Айдарханұлы

«Бір түп қиярға 200-300 грамм қолданады. Малдың, тауықтың қиын алатын болсақ, 2-3 кг салынады бір түпке», - дейді биотехнология магистрі Сабыр Темірбаев. 

«Бұл үрдіс әлемнің басқа елдерінде де жүзеге асуда. Енді біз бұл шыбындарды медицинада қолдануды қолға алып жатырмыз. Болашақта косметология саласында да зерттеу жүргізбекпіз», - дейді ғалымдар.

Бір қызығы, экологияға да, қалтаға да пайдасы мол бұл жобаны үй жағдайында да жасау оңай екен.