Қандас студенттердің кәсіп ашып, оны дөңгелетіп әкетуі үшін қолдау көрсетілмек

Қандас студенттердің кәсіп ашып, оны дөңгелетіп әкетуі үшін қолдау көрсетілмек
Сурет: Qazaqtv.com

«Қазақ бизнес кэмп» жобасын ашу жоспарланып отыр

Жоба аясында шетелден келген қандас студенттерге өз кәсібін ашуға және оны қолдауға мүмкіндік жасалмақ. Ал бұл игі бастаманы «Otandastar Qory» қолға алып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы елордада өткен қандас студенттермен кездесу барысында «Otandastar Qory» президентінің кеңесшісі Дидар Болат мәлімдеді. Оның айтуынша, шетелден келетін жастардың басым көпшілігі оқуы аяқталғаннан кейін қайтадан елден кетіп жатады.

«Олар Қазақстанда өз кәсібін ашып, оны дамытуға болатынын біле бермейді немесе тәуекелдерден қорқады. Сондықтан қандастарды қолдауға арналған тағы бір жобаны әзірлеу үстіндеміз», – дейді маман.

«Бұл бағытты 2019 жылы бастаған болатынбыз. Одан кейін пандемияға тап болып, істі тоқтаттық. Қазір қайтадан қолға алдық. Негізгі мақсатымыз – жастардың бизнес идеясын қолдап, оларға Қазақстандағы бизнес саласындағы мықты азаматтарды қосу», - дейді «Otandastar Qory» КЕАҚ Президентінің кеңесшісі Дидар Болат. 

Айта кетейік, бүгінде еліміздің 20-ға жуық ЖОО-да 7 мыңдай қандас студент білім алады. Олардың басым көпшілігі Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен келген.