Қанат Бозымбаев: Қарасай ауданының инфрақұрылымдық мәселелерін алдағы 2-3 жылда шешуіміз керек

Қанат Бозымбаев: Қарасай ауданының инфрақұрылымдық мәселелерін алдағы 2-3 жылда шешуіміз керек
Cурет: Алматы облысы әкімдігі

Арық жүйелері де ретке келтіріледі

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірлерге сапарын Қарасай ауданында жалғастырды. Мұнда инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік, әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап, проблемалық мәселелердің шешілу жолдарын талқылады, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Облыс әкімі ең бірінші Қаскелең топтық су құбыры құрылысының жобасымен танысты. Оған республикалық бюджеттен 12 млрд теңге бөлінген. Нысан Қаскелең қаласымен қатар 18 елді мекенді ауыз сумен үздіксіз қамти алады.

Бүгінгі күні жобаның І кезегінің 1-ші іске қосу кешені толығымен аяқталған. Бас су қоймасынан Қаскелеңге дейін су тазарту стансасы арқылы құбыр тартылған. Соның арқасында тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады. Қазіргі кезде құжаттарды тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ 2 және 3-ші іске қосу кешені жобасының аясында магистралды су құбыры мен жеткізу желілері құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Мұнан кейін елді мекендер ішіне резервуарлар мен сорғы стансалары орнатылатын болады.

«Қарасай ауданының, соның ішінде Алматы қаласы маңындағы елдімекендердің де сумен қамту мәселесін алдағы екі-үш жыл көлемінде шешуіміз керек. Бұл – басымдық беретін міндет. Бау-бақша суаруда мәселе туындамау үшін арық жүйелерін де ретке келтіруіміз керек. Бұл мәселені шешуге аудан әкімдігі қазірден кірісуі тиіс», - деді Қанат Бозымбаев. 

Мұнан соң Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап, одан әрі «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне келді. 

Спорт кешені холында облыс әкіміне 2018 жылы бекітілген Алматы облысы аумағының қала құрылыстық жоспарлауының кешенді сызбасы мен Қаскелең қаласының бас жоспары таныстырылды. Жоспарлар жайын «Урбостиль» ЖШС жетекшісі Любовь Нысанбаева баяндады. 

«Алматыға жақын жатқан аудандарды тиімді дамыту үшін жұмыстың негізгі принциптерін Алматы қаласы әкімдігімен келісіп атқаруымыз керек. Бірлесіп шешетін мәселелер өте көп. Қаскелең қаласының бас жоспарына келетін болсақ, оны іске асыру үшін инывесторлар тартқан жөн. 2022 жылға егжей-тегжейлі жоспар дайындау керек. Қаскелеңнің үлгілі қала болуға барлық мүмкіндігі бар. Оның үстіне көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталды», - деп атап өтті Қ.Бозымбаев. 

Осы жерде «Алтын орда» сауда-логистикалық кешенінің егжей-тегжейлі жобасы, сол сияқты Тұңғыш Президент саябағы құрылысының жоспары да көрсетілді. Тұңғыш Президент саябағының жобасын жүзеге асыруды бақылау тапсырылды. Алдымен жер учаскесі белгіленіп, одан кейін нақты жобасы дайындала бастауы тиіс. 

Спорттық кешеннің ішін аралап, барлық материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысқаннан соң Қанат Бозымбаев Қарасай, Жамбыл, Іле аудандарының балалары үшін спорт  интернатын салу жобасын дайындауды тапсырды.