Қаламызда «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр

Қаламызда «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр
Сурет: Gov.kz

13 қазанға дейін жалғасатын шара барысында 184 патрульдік экипаж және 911 полиция қызметкері жолаушылар көлігін тексеретін болады.

Шара басталған күні 46 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Бұл шара жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуын анықтау мен жолын кесуге, сондай-ақ автобустардың техникалық жағдайын тексеруге бағытталған. Шараның мақсаты - жүргізушілердің көліктік тәртібін жақсарту, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігінің қолданыста жүру фактілерін анықтау және заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу», - дейді, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Іс-шараның бірінші күнінде 46 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 29 жүргізушіге ҚР ӘҚбК-нің 595-бабы (маневр жасау ережелерін бұзу), 12-сіне ҚР ӘҚбК-нің 591-бабы (көлік жүргізу кезінде телефонды пайдаланған) бойынша хаттама толтырылды . Мамандандырылған айыппұл тұрағына 1 қоғамдық көлік орналастырылды. Рұқсат етілмеген 6 қоғамдық көлік пен такси аялдамасы жойылды.