Қалада «Қобыз сарыны» республикалық байқауы өтуде

Қалада «Қобыз сарыны» республикалық байқауы өтуде
Сурет: Mk-kz.kz

Алматыда тұңғыш рет жасөспірімдер арасында қобыздан сайыс өтті

Сайыстың гала концерті «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қала күніне орай ұйымдастырылды. Додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер бақ сынасқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

«Іс шараның басты мақсаты – ұлттық өнерімізді насихаттау жолында ғасырлар қойнауынан сыр шертетін дала үнін, яғни қобыздың үнін, бүгінгі таңда жастарға тәлімдік тағылымы мол дүниені таныту», – деді қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.

Қорқыттың ізін жалғастырушы өнерпаз ұрпақтар саны жыл сайын артып келеді. Сайдың тасындай сайыскерлердің бағасын беретін әділ қазылар алқасы олардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

«Осы байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Себебі Тәуелсіздік алғалы бері 30 жылда көптеген жас таланттар шығып жатыр. Осындай байқаулар көп болсын деймін. Жалпы, ұлттық орындаушылардың деңгейі өсіп келе жатыр», – деді прима-қобызшы Ғазиза Ғабрахимова.

«14 облыс, 2 қаладан қатысып, бүгінгі күнде 12 қобызшы алға шығып отыр. Енді бүгін тағы да төртеуін, жеке дарасын таңдаймыз», – деді «Желтоқсан 1986. Тәуелсіздік қырандары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбахрам Жүніс.

Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені 13 жасар Жанахметова Баян ұтып алды.