Қала күні: Алматыда «Сарыарқа» базары ашылды

Қала күні: Алматыда «Сарыарқа» базары ашылды
Cурет: Almaty.tv

Сауда орны ашық алаңда орналасқан. 

Бүгін Алматыда Қала күніне орай жаңартылған «Сарыарқа» базарының ашылу рәсімі өтті. Маңызды әмбебап нысан 437 дүкенге шақталып қайта жасақталып отыр. Сондай-ақ, мегаполистің барлық ауданында санитарлық талаптарға сай мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Қала күнін атап өту аясында Әуезов ауданында жаңартылған «Сарыарқа» базарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұған дейін ашық алаңда орналасқан сауда орнының бүгінгі кейіпіне жергілікті халық дән риза. Модернизацияланған әмбебап базар алдағы уақытта тағы кеңейтіліп, 400-ден аса сауда дүкені есігін айқара ашпақ. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрге жететін нысанның құрылысы толық 2024-інші жылға дейін аяқталады деп жоспарлануда.

«Екі жыл бұрын осы жерде сауда дүкендері мен контейнерлер болған еді. Қыста жылуы жоқ. Ал, жазда санитарлық талаптарға сай келмейтін орын болатын. Қазіргі таңда «Сарыарқа» базарының бірінші кезеңі аяқталып, жақсы орындар жасалды. Адамдар келіп демалса да, тамақтанса да, сауда жасаса да ыңғайлы», - деді  Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Әуезов ауданындағы мерекелік шара Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының алдында жалғасын тапты. Мұнда дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Алматыны әлемге әйгілі еткен «Апорт» алмалары тұрғындарға ұсынылды. Жергілікті халық мұндай шаралардың өтуі шаһардың дамуына мол үлес қосады, дейді.

«Қазір мен түс көргендей болып тұрмын. Кеше ғана тап-таза жер бүгін жайнап кетіпті. Барлығы орын-орныменен, халықты ойлағандары үшін рақмет! Бәрі төмен бағамен сатылып жатыр», - деді Әуезов ауданының тұрғыны Сәрсебала Көпебаева.

Дәл осындай жәрмеңке мегаполистің барлық аудандарында ұйымдастарылды. Алматының символына айналған алмалардың түрлі сортты Жетісу мен Наурызбай, Бостандық ауданындағы жәрмеңкелерінде де қойылды. Қала күнінің осылай ерекше өтуіне атсалысқан саудагерлер ет пен сүт өнімдерін де арзан бағамен сатып, келушілерді қуантты.

«Бұл -  қазақстандық, ерекше сортты алмалар. Біз оларды арнайы шаруа қожалығында өсіріп, жан-жақта сатамыз. Міне «Апорт», «Азерголд», «Синап», «Сұлу бикеш», мына жерде «Лимонка» және «Американка» бар. Алманың бәрі өте дәмді», - деді саудагер Мирас Қуандық.

Көздің жауын алатын зергерлік заттар мен ұлттық нақыштағы бас киімдер. Бұл Алмалы ауданындағы жәрмеңке сөрелері. Жергілікті шеберлер биыл да өздері қолдан жасаған бұйымдарымен алматылықтарды тәнті етуде.  
Алмалы ауданында ауқымды түрде ұйымдастырылған жәрмеңкенің ең басты ерекшелігі - мұнда музыкалық аспаптар да сатылымға қойылыпты. Мәселен біз ойнаған мына құрал «Глюкофан» деп аталады екен. Шебердің айтуынша, заманауи үлгідегі аспап ең алғаш 2007 жылы Доминиканада ойлап табылған. Қазір сәннен қалмаған біздің отандық шеберлер мұны Алматыда өндіріп, сатып отыр. Соның ішінде, қазақтың ұлттық аспабы - шаңқобызды сөрелерден табуға болады.    
Жалпы биыл қала бойынша ұйымдастырылған шарада 100 тонна алма мен 40 тонна көкөніс және өзге де азық-түлік тауарлары ұсынылған. Мерекелік жәрмеңкелер демалыс күндері 26 қыркүйекке дейін жалғаспақ.