ҒАЛЫМДАР МЕГАПОЛИС АУАСЫНЫҢ ЛАСТАНУЫН ЗЕРТТЕУДІ БАСТАДЫ

ҒАЛЫМДАР МЕГАПОЛИС АУАСЫНЫҢ ЛАСТАНУЫН ЗЕРТТЕУДІ БАСТАДЫ
сурет: Massaget.kz

Шетелдік және отандық ғалымдар бірлесіп Алматы ауасының ластану деңгейін анықтамақ.

Нархоз университетінің ғалымдары Хельсинки университетімен бірлесіп Алматы қаласы ауасының ластануын зерттеуді бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Нархоз университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жобаны іске асыру үшін фин мамандары жаңадан 17 бақылап-зерттеу құрылғысын жасап шығарды. Олардың көмегімен ауа ластануының түрлі деңгейлерін анықтауға болады.

Құрылғылар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты "Қазгидромет" РМК ұйымына тапсырылды және стационарлық бекеттерге орналастырылуда. Осылайша мегаполис ауасының нақты ластану деңгейін анықтауға мүмкіндік туып отыр. Алынған ақпарат мобильді қосымша арқылы телефон бетінде бірден көрінетін болады. Жыл соңына дейін мәліметтер толық жинақталып, талдаудан өтеді. Зерттеу нәтижелері көпшілік үшін жарияланады.

Атмосфералық ауаның ластану мәселелерін шешуге бағытталған аталмыш жоба БҰҰ-ның Қоршаған орта туралы бағдарламасының тұжырымдамасына сәйкес жүргізілетінін атап өту керек.    

«Ауаның ластануы – бұл Алматы қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Біз финдік әріптестеріміздің атсалысуымен бұл мәселені шешуге тағы бір қадам жасайтын жобаны іске асыра аламыз. Ақпараттың датчиктен бірден мобильдік құрылғыға тікелей жіберілетіні өте ыңғайлы. Яғни үйінен шыққан әрбір адам өз жолындағы ластанған жерлерді айналып өтетіндей етіп өз бағыт-бағдарын реттей алады. Ал ғалымдар мен мамандар экологиялық мәселелерді шешуде неғұрлым нақты деректерді пайдалана алады», - деді Нархоз университетіне қарасты Тұрақты даму ғылыми-зерттеу институтының директоры, ғылым докторы Брендан Дюпрей.

Нархоз университетінің мамандары «Қазгидромет» қызметкерлеріне датчикті дұрыс қолдануды үйретті. Содай-ақ, бұл жоба осыған дейін Алматы қаласы Экология департаментіне де таныстырылған болатын.

Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, бұл жоба экологиялық мәселелерді одан әрі зерттеуге, тиісті шешімдер қабылдауға, ғалымдардың, шағын кәсіпорындар мен қала мамандарының мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі. Қала тұрғындары да мобильді қосымшадағы мәліметті пайдалану арқылы қаланың ең лас аймақтарынан аулақ жүріп-тұруға, демалуға мүмкіндік алады.