Әзірге локдаун енгізілмейді

Алматыда короновирус онлайн оқитын оқушылар арасында көптеп анықталуда.
Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы – қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.

«Наурыздың бірінші аптасында мектеп оқушылары арасынан 10 жағдай тіркелсе, өткен аптада 100-ден астам оқушы вирус жұқтырды. Жалпы, 1700-ге жуық оқушыға коронавирус жұққан. Былтырмен салыстырғанда балалар арасындағы бұл көрсеткіш екі есе көбейген. Оқушылардың 80 пайызында онлайн режимде жұққан. Мектепте оқып жатқан 20 пайыз оқушының 65 пайызы вирусты үйінде жұқтырған», – деді Ж.Бекшин
Сондай-ақ, ол карантин шараларының нәтиже бермей жатқанын да айтты.
«Карантиндік шектеу шараларының кері тұстары да табылды. Мысалы, шаштараздар адамдарды өз үйлерінде қабылдай бастады. Сол сияқты, қосымша білім беретін ұйымдардың мұғалімі де балаларды үйінде қабылдауға көшкен. Ол жерде ешқандай санитарлық қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Сондай-ақ, ірі сауда үйлері жабылған соң кварталішілік дүкендерге адамдар көптеп бара бастады. Онда да қауіпсіздік шарасы дұрыс сақталмаған. Ал ірі сауда орталықтарында санитарлық шараларқатаң сақталады және адамның көптеп жиналмауын бақылайтын өкілдер бар», – деді спикер.
Сонымен қатар, спикер қаладағы қоғамдық көліктерді сенбі, жексенбі күндері тоқтату тиімді болмағанын да атап өтті. «Эпидемиологиялық зерттеу бойынша, 14-20 наурыз аралығында қоғамдық көлікте вирус жұқтыру деңгейі 18,2% болған, ал жаңа Қаулы енгізілген соң, яғни автобусты белгілі бір уақытта жүргізгенде вирус жұқтыру 21,3%-ке дейін өскен. Бұл жерде қолға алған қатаңдатылған шаралар тиімді болмады», –деді Ж.Бекшин
Әзірге қалада локдаун енгізілмейтінін айтқан спикер қала тұрғындарын алдағы Рамазан айында барынша сақ болуға, карантин талаптарын сақтауға, ұжымдық ауызашар беруден, үйге қонақ шақырудан бас тартуға шақырды.

Гүлжанат СЕМБАЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *