Үзілістен кейінгі «Ояну»

Әлемді жайлаған індет күнделікті өмір тынысын тарылтып, барлығымызды қыспаққа алғаны рас. Қай сала болмасын, өзінше зардабын тартты. Әсіресе, қаладағы театрлар, филармониялар мен көрмелердің жабылуы, концерттер мен қойылымдардың тоқтатылуы – рухани дүниемізді біраз ақсатты. Дегенмен, әр қасіреттің соңында қуаныш бар.

Қаламыз бірте-бірте баяғы қалпына аяқ басуда. Өнер орындары есіктерін айқара ашып, өнерсүйгіш қауымды ерекше тебіреніспен қарсы алуда. Солардың қатарында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында Болат Аюхановтың жетекшілігімен таяуда ғана өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры әртістерінің орындауындағы «Қазақ ұлттық би кешін» атап өтуге болады.

Қазақ балетінің тарихында ұлттық тақырыпта 30-ға жуық спектакль қойылды. Классикалық және қазақ биінің ұштасар тұсын отандық, шетелдік балетмейстерлер жылдар бойы іздеп келеді. Соңғы ізденіс жұмыстарының нәтижесі ретінде Алматы, Нұр-Сұлтан және Қазақстанның басқа да қалаларының сахналарында көрсетілген «Ұлы дала аңыздары», «Жусан», «Тұран туралы аңызды» айтуға болады.

«Қазақ ұлттық би кешінде» балетмейстер Дамир Оразымбетовтың талпынысы – «Пробуждение» атты бір актілі балетінің тұсаукесері өтті. Шығармашылық ұзақ үзілістен кейін бұл қойылымды әртістердің «оянуы» десек, артық айтпағанымыз болар.

«Пробуждение» балеті – бұл табиғат бейнесіне, көктемнің түрлі ой салар реңі мен таңғажайып бояуларына деген үндеу. Ұлы дала талабына бағына өмір сүретін қазақ ауылының ызғарлы қыстың құрсағынан шығып, көктемнің алғашқы демімен оянуы. Алматы тұрғындарына ұсынып отырған бұл балет – ауқымдылық, сюжеттілікке ден салу емес, тек әрбір адамның өзінше оянуына, табиғат анаға басқа қырынан қарауға мүмкіндік беретін эскиз іспетті», – деп түсіндірді Д.Оразымбетов.

Бас балетмейстердің айтуынша, балетті қою туралы ой былтыр, пандемия уақытында келген, кейін келе толық қойылымға айналған. Дайындық кезеңі бірнеше айға созылып, жоспар бойынша қойылым 22 наурыз мейрамына орай қалың көрерменге жол тартуы тиіс еді, алайда карантиндік шаралардың салдарынан кейінге қалдырылды. Ұйымдастырушылар көктем жайлы балеттің тұсаукесері не дегенмен жаз басталмай кесілгеніне қуанышты.

Балеттің ерекшелігі, көрермендерге тарту етер сыйы – қойылымның жанды орындаудағы қазақ классикалық әуендері әуезімен берілуі. Жамбыл атындағы мемлекеттік қазақ филармониясының әртістері қойылымға атсалысып, скрипкада Еркебұлан Сапарбаев, виолончелде Елдар Айтбеков, фортепианода Шолпан Ұнғарова өнер көрсетті.

«Қазақ ұлттық би кешінің» негізгі репертуары, әрине, Болат Аюхановтың ұлттық, әлемдік қазақ өнерінің қазынасына айналған қойылымдарынан тұрады. Е.Г.Брусиловский, Дәулеткерей Шығайұлы, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев сынды ұлы композиторлар музыкасына қойылған спектакльдер көрермендердің ыстық ықыласына бөленеді деп үміттенеміз. Себебі, біз, өнер адамдары көрермендердің қошеметі мен ризашылығына тәуелдіміз. Әсіресе, пандемия кезінде өнер сүйер қауымнан алыстап, әдеттегідей залдарда дайындық өткізуге мүмкіндік болмай, үйде жаттықтық, дене бітімімізді бір қалыпта ұстауға барынша тырыстық. Біраз қиналдық. Мұның барлығы жұмысымызға кері әсерін тигізбей қоймады. Сондықтан шығармашылық үзілістен кейін оянуға деген талпынысымыз ақталса екен дейміз», – деді ҚР еңбек сіңірген әртісі, көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі Гульфида Гафурова.

Аталмыш музыкалық балет кешінде Болат Аюханов пен Дәурен Абировтың, одан бөлек заманауи қоюшылар Ғайникамал Бейсенова мен Анвара Садықованың әйгілі қойылымдары көрсетілді. Бағдарлама бойынша А.Исақованың «Гәкку» балетінен көрініс, Брусиловскийдің өңдеуіндегі «Айжан қыз», Великанов «Қамбар мен Назым» дуэті, Мүкей «Оживший петроглиф», Оралұлы «Дала үні», Хамиди «Қазақ вальсі», А.Райымқұловтың «Толғау», Н.Тілендиевтің «Аққу», «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыкасына қойылған «Ер-Тұран», балет көріністері орындалды.

Жалпы, әр көрермен концерт барысында қазақ хореографиясының қаншалықты калоритті екеніне, ал оның тарихының тым терең екеніне көз жеткізе алады.  Қыздардың әсем биі мен «Балбырауыны» – қазақ халқы өмірінің бейнесі, мән-мағынаға толы баяны. Қазақ биінің хореографиялық лексикасының классикалықпен үйлесімді үйлесуі ұлттық сахнаға талай керемет қазақ балет спектакльдері мен көптеген концерттік нөмірлерді сыйлады. Республиканың мәдени игілігіне айналған хореографтардың қойылымдары алдағы уақытта да қазақстандық балеттің кәсіби сахнасын айтарлықтай байыта береді деген үміттеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *