Жүйе жаңарып келеді

Жүйе жаңарып келеді
encyclopedia.kz

«Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ


Елімізде көптеген өзгеріс болып жатыр. Соның басым көпшілігі халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға негізделген. Жаһандық геосаяси жағдайға қарамастан, тұрақтылық пен толеранттылық сақталып тұр. Бұл ішкі және сырты ахуалдың оңтайлы жолға қойылғанын аңғартады. Дейтұрғанмен қол қусырып, жай отыруға болмайды. Мейлінше елді дамытудың жаңа мүмкіндіктері мен тың тетіктерін қарастырған жөн.

ХХІ ғасыр – адамзаттың алтын ғасыры. Мұнда ғылыми прогресс тез қанат жаюда. Соның арқасында мүмкін еместей көрінген өркениет жаңалығы іс жүзінде іске асуда. Дүние жүзінің алпауыт державалары жасанды интеллект пен адами құндылықтарды қатар дамытқанды қалайды. Осы екі шылбырды тең ұстау - бәріне мақсат. Бұл жағынан Қазақстан қалтарыста қаңтарылмады. Қайта таза, қуатты, әділ мемлекет болуға ұмтылуда. Бұны одан әрі құлашын жая түсу үшін елге белгілі азаматтардың тіл қатуы, ұсыныс білдіргені маңызды. Осыған орай, экономист, қоғам белсендісі Бекнұр ҚИСЫҚОВТЫ әңгімеге тарттық.

ТЕҢ МҮМКІНДІК

Дүниеде қолынан іс келетін, озық ойлы адамға мүмкіндік көп. Істің көзін тауып, қаржыны еселеймін десе, өз еркі. Тек талмай әрі нәтижелі тірлік қыла білсе болды. Нарықтық экономиканың заманында қаржы табу аса бір бас қатыратын нәрсе емес. Ең бастысы, әділ һәм тең дәрежеде бәріне көңіл бөлсек, озамыз.

Әділетті Қазақстан – көп функциялы. Мұны дамытудың сыры да, қыры да бар. Даму мен өркендеудің алғы шарттарын ұсынайық. Қолдан келген мүмкіндікті жасайық. Ауызды ашып, айға қарап отырмайық. Жиі айтылатын сөз бар. Яғни сырттан келіп, ешкім бізге бәрін жайнатып бермейді. Оны жасайтын осы елдің азаматтары. Сондықтан әр игі істі бастарда білек сыбанайық.

Бір нәрсені шегелеп айтқым келеді. Әділ қоғам орнасын десек, әр Қазақстан азаматы тең болуы керек. Оны қоғамдағы статусымен, жас, кәрі немесе әйел деп бөлмейік. Қырық түрлі қылық танытып, алақандай жұрттың жіктелгенін қаламаймыз. Барынша бір жұдырық болып жұмылайық. Қолдан келген жақсылықты елге берейік. Берекелі істің басы-қасынан табылайық. Бұдан артық аксиома жоқ. Осыны бір ретке келтіріп, жүйелеп саралаған дұрыс. Әйтпесе, ілгерілеуге шылау көп жабысады. Ал ондай ымырасыздық опа бермейді. Сол себепті, әділет сөзі әркімнің жүрегіне жетуі қажет. Сонда ойға алған істің басы көрініп, көпке жағады.

ОҢ НӘТИЖЕГЕ ҰМТЫЛЫС КЕРЕК

Жаһан державаларының күш-қуаты мығым. АҚШ, Еуропа елдері дүниеге үлгі болуға тырысады. Адам капиталын тиімді пайдаланады. Ішкі нарықты қамтамасыз ете білген. Сыртқа экспортты мол тасымалдайды. Көліктік логистикалық инфрақұрылымды әлдеқашан жаңартқан. Осындай ауыз толтырып айтатын жетістіктерге 2-3 ғасыр бұрын ие болған. Олардан асу үшін екі есе қимыл керек болып тұр.

Қазақ елі – жас мемлекет. Тарихта өзін дәлелдегендермен иық тірестіріп келеміз. 200–300 жыл бұрын өркениет даңғылына түскендердің қатарында болу оңай шаруа емес. Ұдайы экономикалық потенциалды көтеру қажет болады. Онсыз ілгері басу мұң. Алайда, еңсені түсіруге болмайды. Лажы келсе, оң нәтижеге жететіндей қимылдай берейік. Ол үшін бай мен кедей арасын алшақтатып алмайық.

 Шетелде халықтың тұрмыстық көрсеткіші орта кластермен өлшенеді. Мәселен, жан басына әр айда 2-3 мың доллар жеткілікті болса, соны 12 айға шағып ортақ есебін шығарады. Сонда 1 жылда бір отбасы шамамен алғандағы көрсеткіші пайда болады. Бұл жағын нақты есептеу, статистикалық, қаржылық мониторинг мамандарының еншісінде. Бірақ қарапайым есеп, ұғынуға жеңіл есеп осылайша өріледі.

Біреудің еншісіне шамадан тыс дүние бұйырып, шалқыса, екінші біреу несиеге батып, ипотекасын төлей алмаса, осы әділеттілік пе?! Әрине, мұндайға ендігі жерде жол бермейік.

Біздің қасиетті Отанымыздың байлығы халыққа тиесілі. Оның ішіне жерасты, жерүсті байлығы түгел кіреді. Мұның тиімділігін, пайдасын әрбір азамат көруі керек. Бұны реттеуші, тең үлестіруші жүйе жұмыс істеп келеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаруа жетерлік. Соңғы кездері жақсылық, әділдік орнап келеді.

ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ

Әр қоғамның қозғаушы күші – жастар. Соның ішінде креативті ойлайтын, бойында отаншылдық рухы жоғары жандарды қатты бағалайық. Өйткені, жас адам жас кезінде барынша максималист болады. Кез келген қиындықты елемейді, ештеңеден тайсала қоймайды. Олардың қуаты мен ақыл-ойы зор пайда. Өмір үлкен тәуекелдерден тұрады. Ал тәуекел еткендер топ жарады.

Елімізде жастарға мүмкіндік баршылық. Қолынан іс келетіндер көш бастауда. Жаңа технология, ІТ, роботтехника жасау ісі алға шықты. Түрлі смартфон қосымшалары, жеткізу қызметін жасап жүрген де жастар. Бүгінгінің жас азаматтарына көңіліміз толады. Біз үш тіл білеміз. Ал кейбір қаракөздеріміз 5-6 тілді еркін меңгерген. Судай сырғытып сөйлегенде, таңқаласыз. Есеп-қисапқа жүйрік. Компьютерді жетік біледі. Технологияға бейім. Бір сөзбен айтқанда, оларға қарап әуесің кетеді.

Патриот – ұлы тұлға. Біздің жастарға аса қажет дүние, ол – отаншылдық рух. Бұған бейжай қарауға болмайды. Балаларымызды кішкене күнінен кітап оқуға баулыған абзал. Смартфонға елеңдеп, оқу-білімді ысырып қойып жатырмыз. Бар қызық интернетте емес. Ішіне кірсеңіз, шатасасыз. Қайдан кіріп, қайдан шыққаныңызды білмей қалатын кез де болады. Фейк ақпараттар қаптап жүр. Осы ретте өрмекші құрал бар. Тағы қайталап айтам, ол – кітап. Адами құндылықтар алға өрлеуі шарт.

Бұл дүниеде ақша табылады. Экономиканы өркендете аласыз. Тек қана осының тетігін тауып, істің көзін білсеңіз болды. Ал интеллект қалыптастыру оңайға түспейді. Ұзақ процесс болуы ықтимал. Ең бастысы, ұлттық идеологияға бет бұрайық.

Алаш ардақтыларын жиі айтамын. Ескі замандағы батырлар кезеңіне кетпей, бүгінгілердің ерлік істерін ұмытпайық. Абай, Ыбырай, Шоқан сынды дара тұлғаларымыздың салып кеткен сара жолы ғажап деп білеміз. Жас өрендер ұлттық әдебиет, шежіре, фольклорлық аңыз-әфсананы біліп, сусындап өссе екен.

Балаларымызға арнап ұлттық руханиятымызға бейімдеп анимация, балалар көркем фильмдерін түсірейік. Балапандарымыз өзіміздің баһадүр бабаларды ұлықтап, тұлғаларымызға қарап бой түзесін. Қазір әлеуметтік желі, YouTube, түрлі сайттарда сырттың балаларға арналған мульт топтамасы толып жүр. Одан да отандық анимацияның тамырына қан жүгіртіп, бүлдіршін психологиясына кері әсер ететін дүниені тоқтатайық. Сонда ғана бір жыртығымызды жамап, айбынды іс қылғандай боламыз.

САЙЛАУДАН ҮМІТ ЗОР

Әлемде сайлау науқаны әртүрлі өтеді. Бірі алаулатып, жалаулатып өтеді. Ендігісі тып-тыныш, үнсізтүнсіз өткенін көздейді. Ең бастысы, ел тізгініне отаншыл, өз туған өлкесін сүйетін, іскер азамат сайланғаны абзал.

Сайлаудың әділ өтуі - ең өзекті мәселе. Соңғы кездері жүйенің жаңарып жатқандығын байқаудамыз. Елге белгілі тұлғалар тізгінді қолға алуда. Бұйырса, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі сайлауы өтеді. Ол 19 наурызға белгіленді. Бұған да көп уақыт қалған жоқ. Бұл жолғысы бұрынғысынан өзгерек. 70%-ы партиялық тізім, 30%-ы мажоритарлық бір мандатты жүйе бойынша өтеді. Сонысымен де ерекше болайын деп тұр.

Өңірлердегі мәслихат беделі артып келеді. Бұған сайланатын депутаттар өңір, қала аумағындағы өзекті дүниені көтереді. Жалпы халықтың өкіліне қойылатын негізгі талап, ол – әділдік. Осы қағидадан аттамаса болды. Біз үнемі жетуді, солар сияқты болуды көксейтін, жаңа технологияның атасына айналған Жапония сияқты боламыз. Тіпті, Араб эмираттары сынды өмір сүруге толық мүмкіншілігіміз бар. Менделеевтің химиялық элементтерінің 99%-ы бар. Сондықтан жастар, әйелдер, үлкендер сияқты бірнеше төп өкілдері халықтың мұң-мұқтажын ұдайы мінбердегілерге жеткізіп отыру керек. Сонымен бірге, түйткілді шешуге үлес қосса, шаруа өнеді.

Қасиетті Қазақ елінің болашағын ойлауды бір сәтке қалтарысқа қалдырмайық. Заман дамыса, шаңын жұтпайық. Қайта көшін бастайық. Бірнәрсе анық. Елді көтеретін қазақы рухтағы әділ азамат. Ұлттық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастыратын күн жетті. Қазақ мемлекеті әрдайым ғаламның дамыған елдері қатарының басында болғай!