Жүрек ауруы «жасарып» барады

Жүрек ауруы «жасарып» барады
almaty-akshamy.kz

Медицинаның заманауи жетістіктері қандай?

Кейде кеше жүрген адам бүгін жоқ, яғни қайтыс болып кетіпті деп естисің.

– Не болған? Кеше ғана телефонмен сөйлесіп едім ғой.

– Жүрегі тоқтап қалған, таңертең оянбай қалыпты.

– Жап-жас еді ғой, қалайша? – дейсің таңқалып. Иә, ұйқысынан оянбай қалатындар көбейді қазір.

Жүрек дерті туралы Алматы қаласының №21 қалалық клиникалық емханасының кардиолог-дәрігері Мамырова Меруерт Шеризатқызымен Almaty aqshamy газетінің тілшісі сұхбаттасқан болатын.

 

– Қазір жүрек аурулары тым «жасарып» барады. Оның ішінде жүректен кетіп жатқан жастар да аз емес. Неге?

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жүректің ишемиялық ауруына шалдыққандар мен осы кеселден болатын өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай өсе бастады. Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) – жүрекке қан мен оттегіні жеткізетін шағын қан тамырларының (коронар тамырлары) тарылуынан пайда болатын кесел. Ал тарылған коронарлы тамырлар қанды жүрекке қажетті деңгейде жеткізе алмайды.

Егер бұрын бұл аурумен көбіне егде жастағы ер адамдар ауыратын болса, қазір 30 жасқа дейін төмендеп кетті. Басты себеп – физикалық белсенділіктің, яғни дене қимылының азаюы, психикалық күйзеліске түсу, алкогольдік ішімдікті шамадан тыс пайдалану, шылым шегу, мөлшерден артық тамақтану, артық салмақ. Жоғары калориялы тамақтарды тұтыну семіздікке алып келеді, ал бұл өз кезегінде атеросклероз мен гипертонияның дамуының маңызды факторы болып табылады. Қазір атеросклероз көп жағдайда жүрек-қан тамырлары ауруларының негізі болып саналады. Атеросклероздың жаппай таралуы аса қауіпті фактор.

– Демек, жүректі сақтау үшін дұрыс тамақтана да білуіміз керек. Не жеп, нені жемеген дұрыс?

– Көпшілігіміз ерте жастан дұрыс тамақтанбаймыз. Сондықтан 28–30 жасқа дейінгі көптеген адамның тамырларына атеросклероз әсер ететіні таңқаларлық жаңалық болмай қалды. Холестерин майлы етте, консервідегі өнімдерде, қамырдан жасалған кондитерлік тағамдарда, торттарда, кілегей қосылған торттарда көбірек кездеседі. Майлы және шамадан артық желінген тағамдар артерия қабырғаларында холестерин түйіндерінің пайда болуына ықпал етеді, бұл олардың өткізгіштігін бұзады. Сонымен қатар, қомағайлық адамды семіздікке әкеп тірейді. Семіздік – қазіргі уақытта өте кең таралған және бүкіл жаһанды алаңдатып отырған патология, оның ішінде балалар мен жастар да аз емес. Мұндай адамдарда жүрек үлкен жүктемемен жұмыс істеуі керек. Шамадан тыс ішіп-желінген тамақтағы ас тұзының көп мөлшері ағзаға түскенде, бұл қан қысымының жоғарылауына ықпал етеді. Ал бұл өз кезегінде атеросклероздың ағымын күшейтеді.

Шылымқор жандар да жұдырықтай жүрегіне салмақ салып жүргенін білмеуі мүмкін. Әсіресе, жастар жағы өздерінің қан қысымын, ағзасындағы холестерин деңгейін, қан липопротеидтерін білмейді. Темекі – инфарктқа, тамырдың тарылуына алып келетін үлкен проблема. Энергетикалық сусындарды тым көп ішеді осы күнгі жастар. Жасанды қоспасы көп тағамдар да аз емес қазіргі күні. Темекіге қоса, күйзеліске түсетін жағдайлары, үнемі компьютер алдында немесе ұялы телефонмен отыратын мүлдем қимыл-қозғалыссыз сәттері бар, содан келіп 30-40 жастағы адамдар инфаркт, инсульт алып жатыр.

Сондықтан дұрыс тамақтануға ден қойған абзал. Жұмыс пен демалыстың арасында байланыс, теңдік болған дұрыс. Темекіден бас тарту керек. Қан қысымын, қан холестеринін үнемі бақылап отырған жөн. Рецепт бойынша және емдеуші дәрігердің бақылауымен уақытылы ем қабылдап жүрудің нәтижесінде жүрек ұстамасының қайталанбауы қажетті дәрі-дәрмекпен емдеу апаттың қайталануын болдырмауға көмектеседі.

– Жүректі сақтауда медицинаның замануи жетістіктері қандай, соған тоқтала кетсеңіз?

– Медицинаның кейінгі жетістіктерінің бірі – коронароангиография. Ауруханаға жеткізілген пациенттің жағдайына қарай коронароангиографиялық тексеру жүргізіледі. Бұл жүректің тамырларына контрастық зат жіберу арқылы рентгенологиялық тексеру әдісі. Коронароангиография – жүректің ишемиялық ауруын анықтауда таптырмас әдіс. Айта кетерлігі, мұндай әдіс науқасқа ауырсыну тудырмайды. Небәрі 15 минутқа созылатын тексеру нәтижесінде толық әрі дәл диагноз қойылып, зақымдалудың орналасқан жері және деңгейі, аурудың болжамы мен ары қарай емдеу жоспары анықталады.

– Деректерге сүйенсек, әлемде әрбір оныншы адам жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққан. Кей адам ауырып тұрғанын білмеуі де мүмкін дейді. Қандай жағдайда дабыл қағу керек?

– Жүректің ишемиялық ауруының басты симптомдары – кеуде немесе жүрек аймағы қысып, шаншып, сыздап, ашып ауырады. Адам демігіп, шаршап қала беруі мүмкін. Ауру әдетте сол қол, иық, мойын, жауырынға, жақ сүйегіне, кейде екі қолға да таралады. Суық тер шығып, жүрек айнып, тыныс тарылады. Іштің жоғарғы бөлігі ауырып, адам құсып, жүрегі айниды. Аяқ-қолы салқындайды. Көп жағдайда адамдар бұндай белгіні жүрек ауруымен байланыстырмайды. Асқазан немесе басқа да аурулармен шатастырады. Аурудың осындай белгілері басталған сәтте уақыт өткізбей, науқас жедел жәрдем шақыртуы керек. Себебі, жүрек үшін әрбір минут санаулы.

 Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА.

«Аlmaty-akshamу», №11-12 (6305) 26 қаңтар, 2023 жыл