Жүрегі де, тілі де қазақша сөйлейтін орыс жігіті ораза ұстап, жұма намазына барады

Жүрегі де, тілі де қазақша сөйлейтін орыс жігіті ораза ұстап, жұма намазына барады
Сурет: Dauletten.kz

Ұлты орыс, жаны қазақ Михаил

Жолдастары Михаилды Мәди деп атап кеткен. Ол «Қаражорға» биін өзі қызығып, теледидардан кәсіби бишілердің іс-қимылын қарап отырып үйренген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Ал қазақшасын өскен ортасында қалыптастырыпты. Ол кішкентайынан қазақ отбасының балаларымен дос болған, бірге ойнаған.

Арыс тұрғыны Михаил Крокус ұлты орыс бола тұра, қазақша таза сөйлейді. Тіпті өлең шығарып, "қаражорға" билейтін өнері де бар. Ол 4 жылдан бері ораза ұстап, жұма сайын мешітке барады.

«1998 жылы дүниеге келдім. 9-сыныпқа дейін Леңгір қаласындағы қазақ мектебінде білім алдым. Ал кейіннен Арысқа қоныс аударып, осындағы орта мектепті бітірдім. Қазір екі тілде де еркін сөйлеймін», – дейді Михаил Крокус. 

Михаил Крокус — ІІМ-ге қарасты Алматы академиясының түлегі. Еңбек жолын Арыс қалалық полиция бөлімінде «жедел әрекет ету» бөлімінде бастаған. Қазір учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып жүр.

«Мен қарайтын аумақта 3000-ға жуық халық, мектеп, тойхана, дүкен және өзге де әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік құрылымдар бар. Таңертең ерте көшені аралап, ақсақалдармен кездесемін. Қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында қызмет етіп келемін», – дейді лейтенант. 

Сонымен қатар Михаил мәдени спорттық іс-шараларға да үнемі қатысып отырады. Облыстық «Парасатты полицей» байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Ал республикалық сайыста үшінші орынды еншілепті.

«Жақында Нұр-Cұлтанда өткен «Татулық – тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық сайысқа қатыстым. Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету, мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар ішкі істер органдарында тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында өткен байқауға 19 полиция қызметкері қатысты. Сонда өзім шығарған өлеңмен таныстыруымды айтып, қаражорға биледім. Көрермен көзайымына айналып, ІІМ Алғыс хатымен марапатталдым», - дейді ол. 

Михаил Крокус жақында отбасын құрған. Бүгінде жұбайы Айдана екеуі алғашқы сәбиін күтіп отыр.